Қазақстан экономикасына кредит беру көлемі ұлғаюда

Қазақстандық банктердің экономиканы кредиттеуінің жиынтық көлемі 2020 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша жыл басынан бері 4,2%-ға ұлғайып, 14 441,3 млрд теңгені құрады. Мұндай мәліметтерді қазан айының қорытындысы бойынша ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ұсынды, деп хабарлайды Kaznovosti.kz.

Реттеуші есептіліктің деректері бойынша заңды тұлғаларға кредиттер көлемі жыл басынан бері 7 283,7 млрд теңгеге дейін 1,1%-ға өсті, бұл ретте шағын кәсіпкерлік субъектілерін кредиттеу 2 297,3 млрд теңгеге дейін 8,9%-ға ұлғайды. Жыл басынан бері жеке тұлғаларға кредиттер 7 157,7 млрд теңгеге дейін 7,5%-ға өсті.

Халықты ипотекалық кредиттеу жыл басынан бері 2 166,5 млрд теңгеге дейін 22,6%-ға ұлғайды. Банктердің тұтынушылық мақсаттарға жаңадан берілген кредиттерінің көлемі 2020 жылғы қаңтар-қазан айларында 2019 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 18,4%-ға (-665,8 млрд теңге) азайды. Бұл тұтынушылық кредиттеу тәуекелдерін төмендету бөлігінде қабылданған шектеулерге байланысты болды.

Қазақстанда жеке тұлғалардың 90 күннен артық төленбеген кредиттер бойынша мерзімі өткен берешек деңгейі төмендеді. Реттеуші есептіліктің деректері бойынша ағымдағы жылғы қазан айында кредиттік портфельдің жалпы көлеміндегі проблемалық кредиттердің үлесі 8,4%-дан 8,1%-ға дейін (1 278,2 млрд теңгеден 1 247,3 млрд теңгеге дейін) төмендеді.

Жеке тұлғаларға қарыздар портфелінде 90 күннен астам мерзімі өткен берешек деңгейі 6,2%-ды, ШОБ-тың қарыз портфелінде – 13,2%-ды, заңды тұлғаларға қарыздар портфелінде – 6,8% -ды құрады.

 

90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар кредиттерді провизиялармен өтеу деңгейі қазан айында 74,3%-ды құрады. 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар жеке тұлғалардың кредиттерін провизиялармен өтеу 68%-ды, заңды тұлғалардың – 85,6%-ды, ШОБ-тың – 73,3%-ды құрайды.