
Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Әкімшілігі басшылығымен 2020 жылғы жұмыстардың басым бағыттары жөнінде жиын өткізді. Басқосуда еліміздің әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси дамуы мен сыртқы саясат жөніндегі мәселелері талқыланды. 2020 жылға жоспарланған негізгі іс-шаралар тізбесі қаралды.
Сондай-ақ Абайдың 175 жылдығы мен Әл-Фарабидың 1150 жылдығын атап өтуді ұйымдастыру шаралары да пысықталды.
2020 жылы Нұр-Сұлтан қаласында, Париждегі ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде ғылыми-практикалық конференциялар өткізу, «Абай» көркем фильмін түсіру және көрермендерге ұсыну, Абай еңбектерін шетел тілдеріне аудару мен жарыққа шығару, Абай мұражай-үйін кеңінен насихаттау, Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық мұражай — қорығында ғылыми-реставрациялау жұмыстарын жүргізу, Абайдың әкесі-Құнанбайдың тарихи-мәдени рөлі мен маңызын арттыру жөнінде және т.б. іс-шаралар өткізіледі.
Естеріңізге сала кетейік, Түркі мәдениетінің халықаралық ұйымы да ұлы ақынның мерейтойына орай бірқатар іс-шаралар ұйымдастырады. ТҮРКІСОЙ Тұрақты кеңесі 2020 жылды түркі әлемі үшін көрнекті қазақ ақыны және ағартушысы Абай Құнанбайұлы жылы деп жариялады.
2020 жылдың тағы бір маңызды оқиғасы – әл-Фарабидің 1150 жылдығы ЮНЕСКО-ның қамқорлығымен халықаралық дәрежеде атап өтіледі.
Екінші ұстаздың есімі еліміздегі ең ірі оқу орны – Қазақ ұлттық университетіне берілген. Университет аумағында Ұлы философ атындағы кітапхана бар. Шымкенттегі мәдениет институты да әл-Фарабидің есімін иеленген. 2019 жылдың тамыз айында Стамбулда әл-Фараби этнографиялық мұражай-үйі ашылды. Түркия, Иордания, Италия, Қытай, Египет, Болгария және басқа елдердің жетекші университеттерінде әл-Фарабидің ғылыми-білім беру орталықтары ашылып, табысты жұмыс істеуде.