Ағымдағы жылғы 18 қарашада қызды суицидтен құтқарған Қарағанды қаласының патрульдік полицейлерін ІІМ-де марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды Polisia.kz сайтына сілтеме жасап Kaznovosti.kz
Ішкі істер министрі патрульдік полиция полкі қызметінің инспекторлары Бейбіт Байсеркинге, Дарын Советке және полицей-кинолог Айбат Әкімжановқа жедел және үйлесімді іс-әрекеттері үшін жеке алғысын білдіріп, полицейлерді ІІМ-нің “Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін” медалімен марапаттады.
– Күн сайын бүкіл ел бойынша мыңдаған полиция қызметкерлері азаматтардың қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз ету, оларды қылмыстық қол сұғушылықтан қорғау үшін қызмет атқарады. Полиция қатарына кіргендердің барлығы біздің мамандығымыз жанқиярлықты, батылдықты және қиын өмірлік жағдайға тап болған адамдарға көмектесуге дайын болуды талап ететінін түсінеді. Сол үшін өмірлерін тәуекелге тігуден де бас тартпайды. Мен тек атақ-даңқ үшін емес, жүрегінің қалауы бойынша ерлік жасаған әрбір ішкі істер органдарының қызметкерін мақтан тұтамын, – деп атап өтті марапаттау рәсімі кезінде ІІМ басшысы Ерлан Тұрғымбаев.
Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылдың 18 қарашасында Қарағанды қаласының тұрғыны 8-қабаттан секіруге тырысқан болатын. Оны оқиға орнына келген Қарағанды қаласының патрульдік полиция полкінің қызметкерлері құтқарды. Қыз ауыр психологиялық күйде болды, кез-келген уақытта жоспарды жүзеге асыруға дайын еді. Қабылданған шаралардың арқасында полицейлер өзіне-өзі қол жұмсау әрекетіне жол бермей, одан әрі көмек көрсету үшін қызды медицина қызметкерлеріне тапсырды.