Алматы облысы ТЖ департаментінде жаңа басшы тағайындалды

Ағымдағы жылғы 23-24 қарашада Алматы облысына жұмыс сапарымен Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар вице-министрі Марат Күлдіков келді, деп хабарлайды Kaznovovsti.kz

Жұмыс сапары барысында вице-министр Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бірқатар бөлімшелерін аралап, техникалық базамен, авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуге дайындықпен, ТЖ алдын алу және жою бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысты. Қапшағай құтқару бөлімшесіне сапары барысында ол биыл жергілікті бюджет есебінен сатып алынған «Славир-9У» су жастықшасы бар кеме» бірегей техниканың тиімділігін атап өтті. Бұл техника  су бетінде де, мұзда да авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуге арналған.

ТЖ вице-министрі облыс орталығы Талдықорған қаласына келгеннен кейін Алматы облысының әкімі Амандық Баталовқа департаменттің жаңа бастығын таныстырды. Сондай-ақ оны бейнеконференциялық байланыс арқылы ТЖД жеке құрамына таныстырды.

Алматы облысы ТЖД бастығы болып Асқар Тасболатұлы Тойшыбеков тағайындалды. Бұған дейін Асқар Тасболатұлы Алматы облысы ТЖД бастығының орынбасары қызметін атқарған. Азаматтық қорғау органдарындағы еңбек жолын 1992 жылы бастаған, үйленген, үш бала тәрбиелеп отыр.

Облыс әкімімен кездесу барысында Марат Күлдіков облыс әкімдігі тарапынан ТЖМ аумақтық бөлімшелеріне қажетті барлық заманауи техника мен жабдықтарды сатып алу, сондай-ақ Кеген ауданының Кеген ауылында және Райымбек ауданының Нарынқол ауылында 2 өрт сөндіру депосының құрылысы бойынша көрсетіп жатқан материалдық қолдауды атап өтті.

Вице-министр ТЖД бастығының алдына алдағы кезеңге, атап айтқанда табиғи және техногендік сипаттағы түрлі ТЖ алдын алу және санын азайту бойынша нақты міндеттер қойды.