БастыМәдениет

«Астана Балет» театры жетінші маусымын аяқтады

«Астана Балет» театры ұжым тарихындағы ең қысқа, жетінші театр маусымын аяқтады, деп хабарлайды Kaznovosti.kz

Биылғы маусым Ташкент қаласындағы Өзбекстан Үлкен театрының сахнасында өткен гастрольден басталды.Юрий Григоровичтің «Махаббат туралы аңыз» үш актілі балеті, сонымен бірге, театрдың дәстүрлі «Ұлы Дала мұрасы» бағдарламасы мен «A Fuego Lento» бір актілі балетін өзбек көрермені ерекше ықыласпен қабылдады.

«Астана Балет» театры тәуелсіз Қазақстан тарихында аңызға айналған Ковент-Гарден театрының сахнасында өнер көрсеткен алғашқы ұжым еді. Үш күндік көрсетілімге билеттер гастроль басталардан бірнеше ай бұрын сатылып, британ баспасөзі мен жергілікті сыншылар қазақстандық труппаның өнерін жоғары бағалады. Айталық, британдық «Таймс» әртістердің келбеті мен өжет сымбатын, сонымен бірге, «Ұлы Дала мұрасы» ұлттық бағдарламасының әсемдігін ерекше атап өтті. «Broadway World» басылымы «Соломея» бір актілі балетінің баяндау тәсілін көлемді операмен салыстырып, хореограф Мукарам Авахридің пластикалық тіліне тәнті болды, деп хабарлайды ұжымның баспасөз қызметі.

Маусымның алғашқы премьерасы – хореограф Джордж Баланчиннің «Кончерто Барокко» қойылымын маэстроның шәкірті – Нанетт Глушак сахналады. Қысқа ғана бір актілі балет, қанша дегенмен, ұзақ дайындық пен әртістердің шеберлігін талап етті. Америкалық неоклассиктің хореографиясы орындаушылықтың мінсіз дәлдігі мен тазалығын қажет етеді.

Сонымен бірге ұжым Павлодар қаласы мен АҚШ-тың төрт қаласына гастрольдік сапарын өткізді: Сан-Франциско, Лос-Анджелес, Сан-Диего және Эскандидо. Мұнымен қоса, театр әртістері Димаш Құдайбергеновтің Нью-Йорктегі (АҚШ) «BarclaysCenter» аренасы мен Мәскеулік Кремльдегі жеке концерті мен Мәскеудегі Қазақстан мәдениетінің күндері аясындағы фестивальге қатысты.

«Астана Балет» театрының шет елдік концерттерін ұзын-саны 30000 адам тамашалады.

Театрдың биылғы маусымында 10 бағдарлама, соның ішінде, екі премьера көрсетіліп, оны, шамамен, 12 000 адам тамашалады. «Сахна сыры» танымдық экскурсия жобасына 250-ден артық адам қатысты.

Карантин тәртібі енгізілгендіктен, Театр қашықтан жұмыс істеу әдісіне ауысып, Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен 6 бірегей онлайн-жобаны жүзеге асырды.

Ұжым «Eurasian Dance Festival» аясында өткен 3 спектакльді көрсетіп, сонымен бірге, Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай, «Ұлы Дала мұрасы» онлайн-концертін өткізді.

«Онлайн Театр» арнайы жобасы іске қосылып, соның аясында әлемдік балет жұлдыздарымен бес тікелей эфир өткізілді: Әлия Танықпаева, Яна Саленко, Айдос Зақан, Татьяна Тен. Қолданушылардың ұзын-саны 163 000 адамнан асты.

Сонымен бірге, театр ұжымы ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен «Қазақтелеком» АҚ бірлесіп жүзеге асырған «Карантиндегі жұлдыз» онлайн-жобасына да қатысты. «Астана Балет» театрының әртістерімен өткен шығарылым ерекше ілтипатқа бөленіп, 30 000 мәрте қаралды.

Тігін цехының қызметкерлері 2000 астам медициналық бетперде тігіп, №4 балалар емханасына табыстады.

«Астана Балет» театры басшылығының айтуынша, жоспарланған премьералар мен көрсетілімдердің бәрі, еліміздегі эпидемиологиялық жағдайға қарай, жаңа, сегізінші театр маусымында жүзеге асырылмақшы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button