БастыСаясат

Қазақстанның IT-қызметтерінің экспорты екі еседен астам өсті

Үкімет отырысында ҚР жасанды интеллект және цифрлық даму бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкин отандық өндірісті қолдау шаралары үш бағыттан тұратыны, әр бағыттың өз міндеті  барын атап өтті, деп хабарлайды ҚР Үкіметінің Баспасөз қызметі

Оның біріншісі – сенімді цифрлық объектілер тізілімі. Ол IT компанияларға арналған. Екінші – Қазақстандық тауар өндірушілер тізілімі. Ол  өнім шығаратын компанияларға арналған.

«Екі тізілім де сатып алуда басымдық береді. Сөйтіп біз  отандық өнімге тұрақты сұраныс жасаймыз. Бірақ тек сұраныс жеткіліксіз. Бізге мықты компаниялар  керек. Мұнымен Astana Hub айналысады. Ол компанияларды  стартаптан бастап шетел нарығына дейін өсіреді. Ал 1% тетігі арқылы IT-компанияларға ірі өндірістен  тапсырыс әкеледі. Алдымен Сенімді цифрлық объектілер тізілімі туралы. 2023 жылдан бері тізілім арқылы  сатып алу 4,4 есе өсті. Биыл да өсу  жалғасып жатыр. Басты жаңалық – барлық процесс цифрға көшеді. Өтінімді astanahub.com сайты арқылы беруге болады.  Өтінімнен бастап шешімге дейін бәрі автоматты түрде  жүреді. Жыл соңына дейін eLicense те, жаңа модуль де қатар жұмыс  істейді. 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық процесс тек ЕОНИС арқылы  жүреді», — деді Ростислав Коняшкин.

Жасанды интеллект және цифрлық даму бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкин қолмен жұмыс азаятынын және әр қадам ашық болатынын баяндады. Ал екінші құрал – Қазақстандық тауар өндірушілер тізілімі. Биылдан бастап ол СТ-KZ сертификатын және  индустриялық сертификатты алмастырды. Енді өнімнің отандық  екенін осы тізілім растайды. Жыл басынан бері электроника саласынан 791 өтінім түсті. Сала өсіп келеді: екі жылда өндіріс 2,5 есеге  жуық артты. Үшінші бағыт – Astana Hub.

Екі жылда IT-экспорт екі еседен көп өсіп, $1,1 млрд-тан асты. Оның жартысынан көбі  – хаб резиденттерінің үлесі. Биыл тоғыз айда резиденттер 317 млрд теңгеге экспорт жасады. Бұл – шикізат емес экспорт және жаңа жұмыс орындары.  Яғни нақты нәтиже. Стартап әр кезеңде қолдау алады: акселерация, қаржы,  шетел нарығына шығу.

«Astana Hub өңірлерде де жұмыс істейді. Бүгін елімізде 20  өңірлік IT-хаб бар. Олар 2 500-ден астам іс-шара өткізді. Мысалы, Қостанайдағы хакатонға 10 қаладан 150-ден  астам өтінім келді. Көкшетаудағы аграрлық хакатонға 133 адам  қатысты. Петропавлдағы AGROTECH BATTLE-ге 130-дан астам адам қатысты. Жаңа кәсіпкерлерге Startup Orda және Smart City Accelerator  бағдарламалары бар. Онда оқытады және жобаны іс жүзінде  сынап көруге мүмкіндік береді.  Халықаралық хабтар – біздің IT-компаниялар үшін шетел  нарығына жол. Қазір төрт хаб бар: АҚШ-та, Қытайда, Араб Әмірліктерінде және Малайзияда. Олар арқылы 61 стартап өтті. Хабтар шетелден әріптес табуға және жаңа нарыққа шығуға  көмектеседі. Қарашаның 20-сында Ұлыбританияда бесінші хаб ашылады. Бұл – біз үшін тағы бір нарық. Хабтар білім де береді. Мысалы, Silkroad Innovation Hub  Stanford және OpenAI-мен бірге AI Leaders бағдарламасын  өткізді. Яғни халықаралық хабтар біздің IT-экспортты өсіреді», — деді Ростислав Коняшкин.

Соңғы бағыт – жер қойнауын пайдаланушыларды  цифрландыру. Бұл компаниялар табысының 1%-ын ғылым  мен инновацияға бөледі. Осы қаражаттың бір бөлігі Astana Hub  арқылы біздің IT-компанияларға тапсырыс болып келеді. Қазір 9,6 млрд теңгеге 18 жоба жүріп жатыр. Тағы 13 жоба 3,1 млрд теңгеге басталып жатыр. Бұл – жасанды интеллект, кен орнының цифрлық егізі,  автоматтандыру және қауіпсіздік.  Өндіріс үшін бұл – жоғары өнімділік пен аз шығын. IT компаниялар үшін – ел ішіндегі ірі тапсырыстар. Қазір осы тетікті жетілдіріп жатырмыз. Басты өзгеріс – қаржыны екіге бөлу. Ғылымға – бюджеттің арнайы шоты арқылы.  Цифрландыруға – Astana Hub арқылы. Тиісті түзетулер Құрылтайда қаралуда.

Басқа жаңалықтар

Back to top button