Қазақстанда емханалардың жұмысын бағалау жүйесі өзгереді

Пациент бейінді маманның қабылдауын қанша уақыт күтеді, қажетті диагностикалық зерттеулерден уақтылы өте ме, стационардан шыққаннан кейін әрі қарай бақылауда бола ма – осы және басқа да көрсеткіштер медициналық-санитариялық алғашқы көмек (МСАК) ұйымдарының жұмысын бағалаудың бірыңғай жүйесіне енгізіледі, деп хабарлайды ҚР Денсаулық сақтау министрлігі
МСАК стандартының жаңа редакциясы медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға, профилактикалық жұмысты күшейтуге және пациентті медициналық көмектің барлық кезеңінде үздіксіз сүйемелдеуді қамтамасыз етуге бағытталған.
Емханалардың жұмысын бағалау үшін 100 балдық бірыңғай жүйе енгізіледі. Көрсеткіштерді есептеу денсаулық сақтау саласының ақпараттық жүйелеріндегі деректер негізінде тоқсан сайын автоматты түрде жүргізіледі.
«Біз емханалардың жұмысын формалды бағалаудан бас тартуымыз керек. Басты критерий – көрсетілген медициналық көмектің сапасы, яғни пациенттің нақты қандай нәтижеге қол жеткізгені: қажетті маманға қаншалықты жылдам барғаны, диагностикадан уақтылы өткені және емделгеннен кейін бақылауды жалғастырғаны. Ол үшін деректер автоматты түрде әрі объективті қалыптасуы керек. Қазіргі таңда ақпарат бірнеше цифрлық ресурста орналасқан. Сондықтан біздің міндетіміз – оларды интеграциялап, бірыңғай бағалау жүйесін қалыптастыру», – деді Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.
Жеке блок аурулардың профилактикасы мен оларды ерте анықтауға арналған. Балаларды жоспарлы вакцинациямен қамту, скринингтерден өту, сондай-ақ сүт безі обырына, жатыр мойны обырына және колоректалдық обырға күдік болған жағдайда диагностиканы уақтылы аяқтау көрсеткіштері ескеріледі.
Пациенттердің кері байланысы да бағалауға енгізіледі. Атап айтқанда, медициналық көмектің қаншалықты қолжетімді әрі түсінікті болғаны, пациент өзінің диагнозы мен алдағы емдеу жоспарын түсіне ме, көрсетілген медициналық көмектен кейін денсаулық жағдайының жақсарғанын байқай ма – осы мәселелер ескеріледі.
Стандарттың жаңа редакциясында МСАК деңгейінде көрсетілетін медициналық көмектің көлемі де нақты айқындалады. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне (ТМККК) кіретін қызметтер пациенттің МӘМС жүйесіндегі мәртебесіне қарамастан көрсетіледі.
Олардың қатарында бастапқы буын мамандарының қабылдауы, дәрігерге дейінгі тексеру, жедел медициналық көмек кабинетінің қызметтері, жалпы қан және зәр талдаулары, ЭКГ, флюорография және тізбеде көзделген басқа да зерттеулер бар.
Пациент тек нәтижелерді алу үшін емханаға қайта келуге мәжбүр болмауы үшін тексеру нәтижелері мен алғашқы қабылдау қорытындысы бойынша ұсынымдар медициналық цифрлық жүйе арқылы пациенттің жеке кабинетіне автоматты түрде жіберіледі.
МӘМС жүйесінде МСАК деңгейінде консультациялық, диагностикалық, профилактикалық және емдеу қызметтерінің кең спектрі қолжетімді. Олардың қатарында зертханалық диагностика, ЭКГ, маммография, холтерлік және артериялық қысымды тәуліктік мониторингілеу, патронаж, қашықтан консультация беру және мобильдік бригадалардың жұмысы бар.



