Денсаулық

Қазақстанда алғаш рет хирургтар роботтың көмегімен асқазанға күрделі операция жасады

Алматы онкология орталығында Қазақстанда алғаш рет асқазанның бір бөлігін үлкен хирургиялық тілік жасамай алып тастау бойынша роботтың көмегімен операция жасалды, деп хабарлайды ҚР Денсаулық сақтау министрлігі

Операцияны орталықтың хирургтар тобы роботтандырылған хирургиялық жүйені қолдана отырып орындады.

Операция барысында ICG-навигациясы – хирургқа қажетті анатомиялық құрылымдарды неғұрлым анық көруге мүмкіндік беретін технология қолданылды. Сондай-ақ онкологиялық қағидаттарға сәйкес өңірлік лимфа түйіндерін алып тастауды көздейтін D2 лимфодиссекциясы жүргізілді.

Операцияның қалай өткенін және роботтандырылған хирургияның қандай мүмкіндіктер ашатынын Алматы онкология орталығы онкохирургия бөлімшесінің меңгерушісі, PhD докторы Нұрлан Балтаев айтып берді.

«Роботтандырылған жүйе хирургқа жоғары дәлдікпен жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Біз операциялық алаңды үлкейтілген үш өлшемді кескін арқылы көреміз, анатомиялық құрылымдарды егжей-тегжейлі қарап, қолжетімділігі қиын аймақтарда күрделі манипуляциялар жасай аламыз. Сонымен қатар жүйе хирург қолының табиғи микродірілін сүзгіден өткізеді».

Пациент үшін роботтандырылған технология үлкен хирургиялық тіліктің орнына шағын тесіктер арқылы күрделі операция жасауға мүмкіндік береді. Бұл операцияның жарақаттылығын азайтып, пациенттің барынша жылдам қалпына келуіне жағдай жасайды.

Асқазанға жасалған операция Алматы онкология орталығы мамандары орындаған 15-ші роботтандырылған операция болды. Бұған дейін роботтандырылған операциялар тоқ ішек пен тік ішек, қуықасты безі, бүйрек және жатыр денесінің аурулары кезінде жүргізілген.

Орталықта жыл сайын 3 мыңнан астам операция жасалады, оның 60 пайыздан астамы аз инвазивті әдіспен орындалады. Бірқатар жағдайларда осы тәсілдің арқасында пациент операция жасалған күні-ақ орнынан тұрып, қозғала бастай алады.

Роботтандырылған технологияларды енгізу заманауи онкологиялық хирургияның мүмкіндіктерін кеңейтіп, аз инвазивті тәсілдерді қолдана отырып, барған сайын күрделі операцияларды орындауға мүмкіндік береді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button