Көлік саласына 31 жаңа мамандық қажет

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жұмысшы мамандықтары бойынша кадрлар даярлаудағы жаңа тәсілдер қаралды, деп хабарлайды ҚР Үкіметінің Баспасөз қызметі
Отырыс барысында оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамыту туралы баяндама жасады. Кадрларды даярлау жүйесі және жоғары оқу орындарының колледждермен әріптестігі туралы ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, еңбек нарығындағы жұмысшы мамандықтары бойынша кадрларға қажеттілік туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев баяндады. Сондай-ақ өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың, ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың, көлік министрі Нұрлан Сауранбаевтың, энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтың баяндамалары тыңдалды.
Бүгінде көлік саласында 870 мың адам жұмыс істейді. Яғни, әрбір оныншы адам көлік саласында еңбек етеді. Олардың басым бөлігі автомобиль және теміржол көлігі, жол құрылысы мен логистика сала мамандары.
«Соңғы жылдары көлік саласының дамуына байланысты салаға 57 мыңға жуық маман қажет. Олардың ішінде машинистер, жүргізушілер, техниктер мен инженерлер, логистика мамандары, пилоттар мен авиадиспетчерлер, кеме капитандары және механиктерге сұраныс жоғары. Көлік саласына жастарды тарту үшін бірқатар істер атқарылып жатыр. Оның ішінде бос жұмыс орындарына жәрмеңке өткізу, мамандық таңдауға көмектесу, өндірістік тәжірибе бар. Осы шаралар студенттерге болашақта өз жұмыс орнын табуға көмек береді», — деді көлік министрі Нұрлан Сауранбаев.
Оның айтуынша, бүгінде көлік саласына мамандарды 37 жоғары оқу орны мен 47 колледжде дайындайды. Оларда 44 мыңға жуық студент білім алуда. Оның 28 мыңнан астамы мемлекеттік грант есебінен оқиды.
Басты міндет – көлік саласына нақты қажет мамандарды оқыту, және болашақта керек мамандарды дайындау. Қазіргі кезде, технологияның өзгеруіне байланысты, көлік саласына 31 жаңа мамандық қажет. Автожол саласында BIM цифрлық жобалаушылары, «ақылды жолдар» мамандары және құрылыс роботтың операторы. Теміржол саласы мен логистикада цифрлық логистер және автоматика мамандары. Авиацияда – жасанды интелектпен істейтін диспетчерлер, әуе қозғалысының ИИ-жобалаушы, пилотсыз техниканың операторы. Осыған байланысты мемлекеттік органдармен және білім беру ұйымдарымен бірге жұмыс істеп жатырмыз.
«Оң тәжірибе ретінде «Қазақстан темір жолы» компаниясының жұмысын атап өтуге болады. Компания кадр дайындау үшін жүйелі жұмыстар жүргізуде. Оның ішінде төрт өңірлік оқу орталығы, лабароториялар, оқу полигондары бар. Бұл жүйе арқылы өткен жылы 174 мың қызметкер оқудан өтті. Оның ішінде 113 мың қызметкер жасанды интеллектімен жұмыс істеуге үйренді.
Басқа көлік саласында осыған ұқсас жобаларды бастап жатырмыз: Авиация мамандарын кәсіби даярлау үшін халықаралық деңгейдегі жаңа авиациялық оқу орталығы құрылуда, Жол саласында JOLSHY жобасы жүзеге асырылып жатыр. Мамандарды дайындау мәселесі бойынша жоспарлар бар, оларды тұрақты бақылауда», — деді ол.



