Денсаулық

Қайтарылған активтер есебінен Қызылордада емхана салу үшін 6,5 млрд теңге бөлінді

Үкімет Мемлекет басшысының заңсыз иемденілген активтерді мемлекет меншігіне қайтару және ел дамуына бағыттау жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру аясында Арнаулы мемлекеттік қордан Қызылорда қаласында жаңа емхананы салуға және оны техникалық жабдықтауға 6,5 млрд теңге бөлді, деп хабарлайды ҚР Үкіметінің Баспасөз қызметі

Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту алғашқы медициналық-санитариялық көмекке қолжетімділікті жақсартуға мүмкіндік береді.

Медициналық нысан қаланың теміржолдың арғы бетіндегі бөлігінің тұрғындары үшін салынып жатыр. Қазіргі жұмыс істеп тұрған емхана 1966 жылы салынған, тозу деңгейі жоғары ғимаратта орналасқан. Жаңа медициналық мекеме пайдалануға берілгеннен кейін бір ауысымда 400-ге дейін науқасты қабылдай алады және ауданның 35 мыңнан астам тұрғынын медициналық қызметпен қамтамасыз етеді.

Емхана құрылымы амбулаториялық көмектің негізгі бағыттарын: балалар мен ересектерді қабылдау, жалпы дәрігерлік практика, әйелдер консультациясы, күндізгі стационар және сүзгі-бокстарын қамтиды. Диагностикалық және оңалту блоктары функционалдық диагностика, медициналық оңалту, стоматология кабинеттерін, сондай-ақ зертхана мен зарарсыздандыру бөлімшесін біріктіреді.

Емхана заманауи медициналық техникамен жабдықталады. Атап айтқанда, компьютерлік томограф, заманауи ультрадыбыстық аппараттар, рентген аппараттары және тағы басқа да жабдықтар орнатылады.

Қазіргі уақытта құрылыс алаңында шатыр плиталарын бетондау және бірінші қабаттың ішкі бөлу қабырғаларының кірпіштерін қалау жұмыстары басталды. Жобаны жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.

Басқа жаңалықтар

Back to top button