Президенттің тапсырмаларын орындау: Қазақстанда жаңа газ кен орындарын игеруде

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасенов Үкімет отырысында Мемлекет басшысының газдың ресурстық базасын кеңейту және геологиялық барлау жобаларын жүзеге асыру жөніндегі тапсырмаларын орындау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады, деп хабарлайды ҚР Үкіметінің Telegram-каналы.
Ол Атырау облысындағы «Қаратон Тұзасты» жобасы бойынша 2025 жылы тереңдігі 5 750 метр болатын ұңғыма бұрғыланғанын, бірінші және екінші объектілерді сынау нәтижесінде газ ағыны алынғанын, бүгінгі таңда үшінші объектіні сынау үшін дайындық жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті. Барлық объектіні сынау аяқталғаннан кейін қорларды растау әлеуеті айқындалатын болады.
Бұған қоса, осы жылдың соңына дейін жоба аясында тереңдігі 6 000 м екінші ұңғыманы бұрғылауды бастау жоспарланып отыр.
Бұдан бөлек, ҚазМұнайГаз Маңғыстау облысында «Болашақ» жобасын жүзеге асыруда, жоба аясында осы жылғы үшінші тоқсанның соңына дейін тереңдігі 3 500 метр болатын бірінші іздеу ұңғымасын бұрғылауды бастау жоспарланған.
«“Жылыой” және “Березовский” екі жаңа жоба бойынша бүгінгі таңда ірі қытайлық серіктестер – CNOOC мен Sinopec компанияларымен келісімшарттар жасалды. Осы жылғы күзде сейсмикалық барлау жұмыстары басталады», — деп толықтырды Асхат Хасенов.


