Қазақстанның орман қызметтері жоғары дайындық режиміне көшірілді

Орман және дала өрттерін сөндіруге 2,5 мыңнан астам өртке қарсы техниканы, оның ішінде 681 өрт сөндіру автомашинасын, 600 шағын орман патрульдік өрт сөндіру кешенін (ШОПӨК), тіркеме жабдықтары бар 1 200-ден астам тракторды, сондай-ақ 77 мың дана шанц құралдарын жұмылдыру жоспарланып отыр.
«Орман иеленушілері көлемі мың тоннадан астам дизель отыны мен 892 тонна бензинді құрайтын жанар-жағармай материалдарының қол сұғылмайтын қорын жасақтады. 327 орман өрт сөндіру станциясы жұмыс істейді, оның 208-і – бірінші типті, 119-ы – екінші типті», – деп хабарлады спикер.
Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында Комитет жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, мемлекеттік орман иеленушілерінің материалдық-техникалық базасын жаңартуды жалғастыруда. Мақсат Елемесовтың мәліметінше, 2024-2025 жылдары бюджет қаражаты және кәдеге жарату алымы есебінен 1,5 мыңнан астам техника сатып алынған. Олардың қатарында – 240 өрт сөндіру машинасы, 478 шағын орман патрульдік өрт сөндіру кешені, 566 трактор, сондай-ақ 269 патрульдік және 8 жүк көлігі бар.
«2026 жылдың басынан бері 223 бірлік техника, оның ішінде 36 өрт сөндіру машинасы, 30 шағын орман патрульдік кешені және 157 трактор жеткізілді. Ағымдағы жылдың мамыр айының соңына дейін тағы 219 техниканы жеткізу жоспарлануда», – деді ол.
Сондай-ақ спикердің ақпараты бойынша, орман қорының өртті ерте анықтау жүйесімен қамтылу аумағы 1,5 миллионнан 2,5 миллион гектарға дейін ұлғайтылды. Сайрам-Өгем, Баянауыл, Қарқаралы, Бұйратау, Іле Алатауы және Көлсай көлдері ұлттық парктерінің аумақтарында жүйені енгізу аяқталуда. 2026 жылдың 1 қыркүйегіне дейін бұл жүйенің ауқымын Шығыс Қазақстан облысының аумағында кеңейту жоспарланып отыр.

