Саясат

Қазақстан келешегі зор жаңа мұнай-газ кен орындарын игеруге ниетті

Биылғы қаңтар-наурыз айларындағы отын-энергетикалық кешеннің жай-күйі туралы баяндаған Ерлан Ақкенженов есепті кезеңдегі мұнай және газ конденсатын өндіру көлемі 19,7 млн тонна немесе өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 80,2%-ды құрағанын жеткізді, деп хабарлайды ҚР Үкіметінің Баспасөз қызметі

«Қарашығанақта шикі газды кері айдаудың 6-шы компрессорын іске қосу жұмыстары жалғастырылуда: іске қосылу биылғы ІІ тоқсанға жоспарланған. Бұл мұнай өндірісін 10-11 млн тонна деңгейінде ұстап тұруды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ ірі жер қойнауын пайдаланушылармен мұнай өндірісін арттыру шаралары туралы келіссөздер жүргізілуде. Биылғы 3 айдың қорытындысы бойынша – мұнай экспорттау көлемі 15,3 млн тонна немесе өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 78,5%-ға орындалды. 2026 жылға болжам – 76 млн тонна», — деп түсіндірді спикер.

Оның мәліметінше, есепті кезеңде 13,6 млрд текше метр газ өндірілген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 84,9%-ды құрайды. 2026 жылға болжам – 62,7 млрд текше метр. Тауарлы газ өндірісінің көлемі 6,1 млрд текше метр немесе 2025 жылдың сәйкес кезеңіне – 83,6%. 2026 жылғы болжам – 27,3 млрд текше метр.

Тауарлы газды ішкі нарықта тұтыну көлемі 8,8 млрд текше метр немесе 2025 жылдың сәйкес кезеңіне 108,6% болды. Ал, 2026 жылға болжам – 22,6 млрд текше метр.

Сұйытылған мұнай газын өндіру көлемі 0,72 млн тонна, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 92,3%-ды құрап отыр. 2026 жылға болжам – 3,1 млн тонна.

«Газ саласының ұзақмерзімді ресурстық базасын нығайту және еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Министрлік 2035 жылға дейін “Самұрық-Қазына” қорымен бірлесіп, еліміздің келешегі зор жаңа көмірсутек кен орындарын игеру жоспарын жүзеге асыруда. Аталған жоспарға сәйкес жыл соңына дейін Қашағанда қуаты 1 млрд текше метр болатын газ өңдеу зауытының құрылысын аяқтау жоспарлануда», — деді толықтырды ол.

Мұнай және мұнай-газ химиясы өнімдерін өндіру көлемі 3,67 млн тоннаны құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 98,9%-ды құрады..2026 жылға болжам – 15,5 млн тонна.

Сонымен қатар Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы берген тапсырмаға сәйкес, өндіріс қуаты 10 млн тоннаны құрайтын жаңа мұнай өңдеу зауытын салу жобасын жеделдету шаралары қабылдануда.

Павлодар мұнай өңдеу зауытын 5,5 млн тоннадан 9 млн тоннаға дейін, Шымкент мұнай өңдеу зауытын 6 млн тоннадан 12 млн тоннаға дейін, Атырау мұнай өңдеу зауытын 5,5 млн тоннадан 6,7 млн тоннаға дейін кеңейту жұмыстары жүргізілуде.

Мұнай-газ химиясы өнімдерін өндіру көлемі 134 мың тонна немесе өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 86,1% болды.

«Министрлік биыл полипропилен өндірісінің көлемін 450 мың тоннаға дейін арттыру жұмыстарын “ҚазМұнайГаз” акционерлік қоғамы және КРІ зауытымен бірлесіп жүргізуде. 2026 жылға арналған болжам – 580 мың тонна. Бүгінде мұнай-газ саласы көрсеткіштерінің төмендеуі Каспий құбыр консорциумы және Теңіздегі жағдайлармен байланысты. Есепті кезеңде 33,7 киловатт-сағат электр энергиясы өндірілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 100,6% орындалды. Осы жылдың болжамы – 126,5 млрд киловатт-сағат», — деп түсіндірді Ерлан Ақкенженов.

2026 жылы электр энергиясы тапшылығын азайту үшін шамамен 2,4 гигаватт электр қуатын енгізу жоспарлануда, оның ішінде:

1. Түркістан облысындағы бу-газ қондырғысы – 1 мың мегаватт;

2. Алматы қаласындағы екінші жылу электр орталығы алаңындағы бу-газ қондырғысы – 557 мегаватт;

3. Алматы қаласындағы үшінші жылу электр орталығы алаңындағы бу-газ қондырғысы – 544 мегаватт;

4. Қызылорда облысындағы бу-газ қондырғысы – 240 мегаватт;

5. «Атырау жылу электр орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде қуаттылығы – 59,6 мегаватт болатын он бірінші турбиналық агрегатын және он бесінші қазандықты енгізу;

6. «Текелі энергокешені» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде қуаттылығы – 17 мегаватт болатын үш қазан-пайдалану қазандығын және генератормен бу турбинасын енгізу.

Жаңартылатын энергия көздері нысандарынан электр энергиясын өндіру көлемі 2,3 млрд киловатт-сағат немесе өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 115% құрады. 2026 жылғы болжам – 8,8 млрд киловатт-сағат.

«Сонымен қатар биыл жалпы қуаты шамамен 245 мегаватты құрайтын жел энергетикасының 4 нысанын, күн энергетикасының 5 нысанын және су энергетикасының 1 нысанын іске қосу жоспарлануда. Мұнай-газ саласындағы төмендеген көрсеткіштерді қайта жоспарланған деңгейге келтіру үшін Министрлік бар күш-жігерін салады», — деп түйіндеді сөзін Ерлан Ақкенженов.

Басқа жаңалықтар

Back to top button