Қазақстанда балалардың қауіпсіздігін бақылау үшін ЖИ технологиялары енгізіледі

«Қазақстан балалары» тұжырымдамасы білім беру ұйымдарында балалардың қауіпсіздігін бақылау мақсатында жасанды интеллект технологияларын кезең-кезеңімен енгізуді көздейді. Ықтимал қауіптер анықталған жағдайда, жауапты қызметтерге жедел түрде хабар беріліп, баланы қорғау үшін қажетті шаралар қабылданады, деп хабарлайды ҚР Оқу-ағарту министрлігі.
Сонымен қатар балалардың, ата-аналардың және педагогтердің цифрлық сауаттылығын арттыру, балалардың интернетке қолжетімділігін реттеу, оның ішінде түнгі уақытта пайдалануын шектеу шаралары қарастырылған. Бұл бастамалар балаларды зиянды контенттен, кибер қауіптерден және цифрлық гигиенаны бұзудан қорғауды күшейтуге бағытталған, – делінген хабарламада.
Балалардың денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін ақпараттан қорғау саласындағы заңнама жаңартылып, цифрлық қауіптердің алдын алу тиімділігін арттыру және қабылданатын шаралардың жүйелілігін қамтамасыз ету көзделеді.



