Президент білім сапасы оқытушыдан басталатынын атап өтті. Профессор-оқытушылар құрамының 54%-дан астамы ЖИ бойынша оқудан өтті.
«Келесі қадам – ChatGPT Edu-ды енгізу. Бұл құрал академиялық этиканы қатаң сақтай отырып, оқытушының жүктемесін азайтатын және даярлық сапасын арттыруға бағытталған. 2025 жылғы 6 қарашадағы OpenAI компаниясымен өзара түсіністік туралы меморандум аясында мектептер мен жоғары оқу орындарының 165 мың педагогіне тегін лицензиялар беріледі. Бұл қазақстандық педагогтерге үлкен мүмкіндіктер береді: есептер дайындау, тапсырмаларды тексеру сынды күнделікті жұмысты автоматтандыру; студенттер үшін оқу жоспарлары мен материалдарын дербестендіру; деректерді талдау және құжаттарды түйіндеудің озық функцияларын пайдалану; өз курстары үшін кастомизацияланған AI-ассистенттер мен чат-боттар құру», – деді Г.Көбенова.
Бұл құралды енгізу педагогикалық акселератор рөлін атқарып, қысқа мерзімде елдегі оқыту әдістемелерін жүйелі түрде жаңартуға және педагогтердің өздерін жаңа AI-парадигмасында жұмыс істеуге дайындауға бағытталған.
Жүзеге асқан тағы бір ірі жобалардың қатарында Coursera жобасы бар. 3 жыл ішінде 235 мыңнан астам студент 503 мыңнан астам сертификат алды. Coursera Қазақстанды білім беруді цифрлық трансформациялау бойынша әлемдік көшбасшылардың бірі ретінде ресми түрде таныды. Бір жыл ішінде студенттер біршама бағдарламаны игерді. Олар «Баршаға арнлған ЖИ», «ChatGPT-ге арналған промпт инженерия» сынды курстар бойынша білім алып, сертификаттар алды.
AI Sana бағдарламасы аясында Coursera жасанды интеллект бойынша даярлаудың базалық платформасы ретінде пайдаланылады. 2025 жылы 98 044 білім алушы 109 987 сертификат алды, оның ішінде ЖИ бойынша негізгі курстар бар. Белгілі болғандай, AI-Sana бағдарламасы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүзеге асырылуда. Бүгінде 668 мыңнан астам студент ЖИ бойынша курстардан өтті. Бағдарлама ЖИ-сауаттылықты және практикалық цифрлық дағдыларды жаппай қалыптастыруға бағытталған. Қазір екінші кезеңді іске қосу шаралары басталды, онда негізгі екпін ЖИ-кәсіпкерлік құзыреттерін қалыптастыруға жасалады. Бұл кезеңде 100 студент оқытылады, іріктеу олардың жобалық идеяларын ескере отырып жүргізіледі.



