Мәдениет

«Жалғыз арша» республикалық дәстүрлі әншілер байқауы басталды

Абай облысы әкімдігінің қолдауымен, Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен Әміре Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармонияның 80 жылдық мерейтойына арналған ауқымды өнер апталығы бастау алды

Мерейтой апталығының алғашқы тармағы ретінде республикалық «Жалғыз арша» дәстүрлі әншілер байқауының ресми ашылу салтанаты өтті. Айтулы шараға еліміздің әр өңірінен келген талантты өнерпаздар мен дәстүрлі музыка өнерінің танымал тұлғалары жиналып, ұлттық өнердің мәртебесін арттыруға бағытталған шығармашылық басқосуға айналды.

Байқау басталар алдында қазылар алқасының қатысуымен арнайы пресс-конференция ұйымдастырылды. Онда дәстүрлі ән өнерінің бүгінгі тынысы, байқаудың маңызы мен басты талаптары жан-жақты түсіндіріліп, қатысушылардың сауалдарына жауап берілді.

Пресс-конференциядан кейін жеребе тарту рәсімі өтіп, қатысушылардың сахнаға шығу реттілігі белгіленді.

Бүгін байқаудың алғашқы кезеңі өтті. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген 35 қатысушы сахнаға шығып, қазақтың дәстүрлі ән өнерін насихаттап, өз шеберліктерін ортаға салды.

Қазылар алқасы үміткерлердің орындаушылық техникасын, репертуарды таңдаудағы талғамын, сахналық мәдениеті мен тыңдарманға жеткізу шеберлігін жіті сарапқа салуда. Бүгінгі кезең – үздіктерді анықтауға бағытталған алғашқы сын, ал негізгі тартыс ертең, 2 желтоқсан күні жалғасады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button