Қарағанды облысында 92 медициналық нысан салынды

Өңір басшысы тұрғындарға несиелерін өтеуге көмектесетін «Қайта Бастау» жобасы туралы айтып берді.
«Біз қаржылық сауаттылық сабақтарын өткіземіз, жұмыс табуға және банктермен қарызды өтеудің жеке шарттары туралы келіссөздер жүргізуге көмектесеміз. Бағдарламаны 1 045 адам пайдаланып үлгерді. Сондай-ақ «Аманат» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасы 11 мыңнан астам тұрғынға көмектесті», – деді спикер.
Биыл мемлекеттік тапсырыс есебінен облыстық бюджеттен 5 жаңа жекеменшік балабақшада 525 қосымша орын қамтамасыз етіліп, 522 орындық балабақшалар кеңейтілді. 2-6 жасьағы балаларды қамту 89,6%-дан асады. Жыл сонына дейін тағы да 3 мекеме ашып, жұмыс істеп тұрған бақшаларды 951 орынға кеңейту жоспарланып отыр.
Аймақта биыл алты мектептің құрылысы аяқталды, оның бесеуі «Келешек мектептері» жобасы бойынша, тағы бесеуі салынып жатыр. 265 білім беру нысаны жөнделді, оның ішінде 33 нысан күрделі жөндеуден өтті. Сонымен қатар 35 ауыл мектебі жаңғыртылады. 78 заманауи кабинет сатып алынды, бұл мектептердің жабдықталуын 85%-ға дейін арттырады. 72 мың оқушы тегін тамақтанады, мыңнан астам бала тасымалдаумен қамтамасыз етіледі.
«Президенттің ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту жөніндегі тапсырмасы шеңберінде 92 медициналық нысан салынды. Оның 51-і «Арнаулы мемлекеттік қор қаражаты есебінен салынды. 113 жедел жәрдем көлігі сатып алынды. Теміртауда ангиографиялық операция бөлмесінің құрылысы аяқталды. Балқашта бұрынғы шипажай ғимаратын оңалту орталығы ретінде қайта жаңарту және көпбейінді аурухананы күрделі жөндеу жалғасуда. Осы жылы Үкімет Арнаулы мемлекеттік қордан онкологиялық орталықтың операциялық-реанимациялық блогын жабдықтауға 6,2 млрд теңге бөлді», – деді Е.Бөлекпаев.
Биыл ауыл ауруханаларына 67 жас дәрігер жұмысқа келді. Оларға 8,5 млн теңгеге дейін көтерме жәрдемақы түрінде қолдау көрсетілді. Қаржыландырудың жалпы сомасы 419 млн теңгені құрайды. Сонымен катар 2023 жылдан бері медицина қызметшілеріне 250 пәтер берілді.



