Денсаулық

Ауруханадағы шу – жай ғана «фондық дыбыс» емес

Аурухана десе, көбіміздің көз алдымызға дәрігерлер, дәрі-дәрмек пен түрлі аппараттар елестейді. Бірақ емнің нәтижесіне әсер ететін тағы бір елеусіздеу фактор бар — ол шудың деңгейі. Ол жай ғана көз мөлшермен өлшенбейді, арнайы санитариялық талаптарға сай, нақты аспаптармен өлшенеді.

Желдеткіштің дауысы, аппараттардың дыбысы, техникалық жүйелердің шуы — сырт көзге онша қатты естілмегенімен, ағза қалпына келіп жатқан сәтте, әсіресе жүйке жүйесі тынығуы керек түн мезгілінде мұндай фонның өзі артық салмақ түсіреді. Үздіксіз дыбыстық тербелістер терең ұйқыға кедергі келтіріп, мазасыздықты күшейтеді, ал адам сырттай тыныш көрінгенімен, іштей шаршайды. Мұндай жағдайда ұзақ уақыт жұмыс істейтін медицина қызметкерлерінің де зейіні мен назарын тұрақты сақтау қиынға соғады.

Санитариялық нормаларға сәйкес, палаталардағы шудың деңгейі күндіз 55 дБА-дан, ал түнде 45 дБА-дан аспауы тиіс. Осы талаптардың орындалуын қадағалау мақсатында ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының Референс-зертханасы мамандары аурухананың палаталарында, зертханаларында, операциялық және өзге де бөлмелерінде аспаптық өлшеулер жүргізеді. Градусник температураны қалай тіркесе, шу деңгейінің  өлшемін дәл сол сол сияқты нақты анықтай алады.

Кейде өлшеу нәтижелері нормадан асып кететін жайттар кездеседі. Бұған желдету жүйелерінің дұрыс реттелмеуі, өкпені жасанды желдету (ӨЖЖ) аппараттарының, компрессорлардың немесе дыбыстың кафель қабырғалардан шағылысуы себеп болуы мүмкін. Мұндай жағдайда зертхана мамандары артық шуды төмендету бойынша ұсыныстар береді: желдеткіш жүйесін реттеу, дыбыс жұтқыш элементтер орнату немесе жабдықтың орналасу орнын өзгерту секілді шешімдер ұсынады.

Ауруханадағы тыныштықты көбіміз жай ғана жайлылықтың белгісі деп қабылдаймыз. Бірақ шын мәнінде, ол адамның сауығуы мен қауіпсіздігіне әсер ететін маңызды фактор. Тазалық пен таза ауа қандай қажет болса, тыныштық та сондай қажет. Шуды өлшеуге болатын болса – оны бақылау да біздің қолымызда.

Басқа жаңалықтар

Back to top button