Экономика

Алматыда креативті экономиканы дамытуға арналған қалалық тікелей инвестиция қоры құрылды

Алматыда тікелей инвестиция қорын құру туралы үшжақты келісімге қол қойылды

Салтанатты рәсім халықаралық New Vision Forum 2025 форумының аясында өтті, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Келісімге Almaty Creative креативті индустрияларды дамыту орталығы, Freedom Holding Corp. және VPE Capital Fund Management Limited қол қойды.

Creative Capital Fund қоры креативті индустрияларда кәсіпкерлікті дамытуға, Алматыдағы жоғары шығармашылық әлеует пен өңірлік ерекшелікті ескере отырып, жаңа мүмкіндіктер ашуға бағытталған.

«Қордың инвестициялары экспорттық әлеуеті жоғары бағыттарға – киноөндіріс (бейне және анимация салаларын қоса алғанда), музыка, IT және геймдев, сәулет, дизайн және цифрлық медиа салаларына шоғырланады», – деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Олжас Смағұлов.

Қордың бастапқы капиталы 21 млрд теңге, оның ішінде 10 млрд теңге – жергілікті бюджеттен, 11 млрд теңге – жеке және шетелдік инвесторлардың қаражатынан құралады.

Қор Астана халықаралық қаржы орталығының (AIFC) алаңында құрылып, ағылшын құқығының юрисдикциясында жұмыс істейді. Қордың қызмет ету мерзімі – 10 жыл, оның ішінде 5 жыл инвестициялық, 5 жыл постинвестициялық кезең ретінде белгіленген.

Айта кетейік, қалалық тікелей инвестиция қорын құру бастамасы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 16 қарашадағы қолдауына ие болған.

Бұл бастама 2021–2025 жылдарға арналған креативті индустрияларды дамыту тұжырымдамасында және Алматы қаласын 2025 жылға дейін және 2030 жылға дейінгі орта мерзімді даму бағдарламасында көрініс тапқан.

Қордың басты мақсаты – алматылықтардың шығармашылық идеяларын тұрақты бизнеске айналдыру және қаланың креативті индустриялар экожүйесін дамыту.

Басқа жаңалықтар

Back to top button