
Қазақстанға ЮНЕСКО жанындағы Ескерткіштер мен тарихи орындарды сақтау жөніндегі халықаралық кеңес (ИКОМОС) өкілі, ежелгі сәулет ескерткіштерін қалпына келтіру және консервациялау мәселелері бойынша танымал сарапшы Фиген Кывылджым Чоракбаш келді
Сарапшыны Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қабылдады.
Ескерткіштер мен тарихи орындарды сақтау жөніндегі халықаралық кеңестің (ИКОМОС) техникалық бағалау сарапшысы, профессор Фиген Кывылджым Чоракбашпен кездесу барысында Аида Балаева биыл ЮНЕСКО-ға ұсынылған «Маңғыстаудың жерасты мешіттері» номинациясын қарау барысын талқылады, деп хабарлайды ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі.
Профессор Чоракбаш Қазақстанға аталмыш нысандарды жан-жақты зерттеп көру үшін арнайы келді. Министр «Маңғыстаудың жерасты мешіттерін» Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізу мәселесі Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеке бақылауында екенін атап өтті. Аида Балаева профессордың сараптамалық қорытындысы Қазақстанның бірегей мәдени нысанын Адамзаттың Бүкіләлемдік мұрасының бір бөлігі ретінде мойындатуға айрықша үлес қосатынына сенім білдірді.
«Маңғыстаудың жерасты мешіттері – монолитті жартастардан қашалып жасалған және жер астына ойылып салынған сәулет туындылары. Олар туристердің ерекше қызығушылығын тудыратыны анық. Аңызға сәйкес, ислам дінін насихаттау үшін уағызшылар Хорезмнен Маңғыстау даласына келген.
Қасиетті жерасты мешіттердің бірі – Шопан-ата. Мешіт бір-біріне қосылған 12 шағын бөлмеден тұрады, бөлмелердің әр қайсысы арнайы мағыналы, бірі діни рәсімдер өткізуге, бірі балаларды оқытуға, бірі тұрмыстық қажеттілікке арналған. Бөлменің дәл ортасына ағаш қойылған. Осы ағаш тұрған жер қасиетті деп есептеледі», – делінген хабарламада.
Бұдан бөлек жерасты мешіттер – Қараман-ата мен Шақпақ-ата. Қараман-ата – жердің астында орналасқан ерекше діни-сәулетті ескерткіштің бірі. Оның ішінде бірнеше намаз оқитын бөлмелер мен оларды жалғап тұрған дәліздер бар. Шақпақ-ата – Арал-Каспий аймағындағы қабырғалары жазумен, суреттермен айшықталған бірден-бір ескерткiш. Оның ішінде бірнеше бөлме, қуыс-ойықтар және тақуаларға арналған жасырын орын болған.
1965 жылы құрылған ИКОМОС тарихи-мәдени нысандарды сақтау және қорғау ісімен айналысады. Кеңес БҰҰ-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізуге ұсынылған нысандарды бағалайды.