Білім

Астанада 14 мыңнан астам түлек мектеп бітірді

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында түлек саны, салынатын мектептер жайлы жазды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

«Астанада 14 мың 200-ден астам түлек мектеп бітірді. Бүгінге дейінгі оқу жылдары ішінде оқушыларымыз мұғалімдерімен және ата-аналарымен бірге өздерінің ең жақсы қасиеттерін – жауапкершілігін, тәртібін, білімге құштарлығын көрсетті.

Енді түлектеріміз үшін өмірінде жаңа әрі жауапты кезең басталады – мамандық пен жоғары оқу орнын таңдау. Өз тарапымыздан біз балаларымызды қолдауды ары қарай да жалғастырамыз: қаланың Білім басқармасы мен Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы тарапынан жоғары оқу орындарына 550-ден астам грант бөлу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, Білім басқармасы қала колледждеріне (9 және 11-сынып негізінде) сұранысқа ие 62 мамандық бойынша 10 мың грант қарастырған.

Өтіп бара жатқан оқу жылында біз рекордты мөлшерде білім беру мекемелерін салып, пайдалануға бердік. Олар – 24 жаңа мектеп. Аталған мектептер қалада шамамен 66 мың оқушы орнының (екі ауысымда) ашылуына мүмкіндік берді. 24 мектептің 16-сы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынды. Сонымен қатар, алдағы жылдарға дайындық жұмысын жалғастырып жатырмыз. Жаңа оқу жылы барысында тағы 15 мектеп ашуды жоспарлап отырмыз. Білім беру нысандарын салуға жеке инвестициялар да тартылып жатыр.

Түлектер мен олардың ата-аналарын мектеп бітіруімен шын жүректен құттықтаймын! Сіздерге сәттілік, армандаған оқу орнына түсіп, биік белестерден көріне берулеріңізді тілеймін!» – деп жазды Жеңіс Қасымбек.

Басқа жаңалықтар

Back to top button