Елімізде мектеп инфрақұрылымы қалай жаңғыртылып жатыр?

Қазақстанда Мемлекет басшысының барлық оқушыны сапалы және заманауи білім ресурстарымен тең дәрежеде қамтамасыз ету тапсырмасы аясында мектеп инфрақұрылымын кешенді жаңғырту жұмыстары қарқынды жалғасып келеді
Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Министрліктің ақпаратына сәйкес, 2023 жылдан бастап еліміздегі мектептерде химия, физика, биология, STEM және робототехника пәндеріне арналған кемінде мыңдаған заманауи кабинеттер жыл сайын ашылуда.
«Соңғы екі жылдың өзінде 2039 мектепте 3128 жаңа пәндік кабинет жабдықталды. Оның ішінде 336 кабинет – болашақ инженерлердің іргетасын қалауға арналған робототехника бағытында іске қосылған. 2029 жылға дейін тағы 945 осындай кабинет ашу жоспарланып отыр» – делінген хабарламада.
Ұлттық білім беру деректер қорының (ҰБДҚ) мәліметтеріне сүйенсек, бүгінде еліміздің мектептерінде 1800-ге жуық робототехника кабинеті жұмыс істейді. Оның 858-і қалалық мектептерде, ал 942-сі ауылдық білім ошақтарында орналасқан. Бұл – цифрлық сауаттылық пен инженерлік ойлауды дамытуға бағытталған мемлекеттік саясаттың ауыл мен қала баласына тең мүмкіндік беріп жатқанын айқын көрсетеді.
«Аталған бастамалардың нақты нәтижелері де көрініс табуда. Қазақстандық оқушылар халықаралық білім аренасында айқын жетістіктерге қол жеткізіп келеді. Мәселен, еліміздің жас өнертапқыштары робототехникадан әлем чемпионатында 190 елдің ішінен үш жыл қатарынан топ жарып, чемпион атанды. Жуырда АҚШ-та өткен додада ұлттық құрама жаңа рекорд орнатып, Қазақстанның техникалық шығармашылық саласындағы жаһандық көшбасшылығын тағы да дәлелдеді» – деп қорытындылады министрлікте.