Білім

Астанада ММХҚИ филиалы қыркүйек айында жұмысын бастайды

Қазақстандағы Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институты (ММХҚИ) филиалының алғашқы студенттері мен магистранттары үшін оқу процесі биылғы қыркүйек айында басталады, деп мәлімдейді ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі 

Министрлікте атап өткендей, «ММХҚИ-Астана» бакалавриат деңгейі бойынша екі білім беру бағдарламасына қабылдау жүргізеді:  «Дүниежүзілік минералдық-шикізат және энергетикалық нарықтар» (білім беру бағыты – «Экономика», мамандық коды 38.03.01) және «Әлеуметтік-экономикалық және бизнес-процестерді талдау мен модельдеу» (бағыты – «Бизнес-информатика», мамандық коды 38.03.05).

Сондай-ақ магистратура бойынша екі бағдарлама ұсынылады: «Қаржы экономикасы және қаржы технологиялары» (бағыты – «Экономика», мамандық коды 38.04.01) және «Көпжақты институттар және жаһандық технологиялық дамуды басқару» (бағыты – «Жүйелік талдау және басқару», мамандық коды 27.04.03).

«Бакалавриат бағдарламаларының оқу ұзақтығы – 4 жыл. Қабылдау Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) нәтижелері негізінде жүзеге асырылады (төменгі шекті балл – 65). Үздік талапкерлерге білім гранттары беріледі – әр бағдарламаға 30 грант бөлінген. Сонымен қатар ақылы негізде оқу мүмкіндігі де бар.

Магистратура бағдарламаларының оқу мерзімі – 2 жыл. Әр бағытқа 20 гранттық орын қарастырылған, ақылы негізде оқу да мүмкін.

Оқыту процесі Қазақстан Республикасының аумағында ММХҚИ оқытушыларының, сондай-ақ институттың әдістемесі мен стандарттары бойынша арнайы даярлықтан өткен қазақстандық оқытушылардың қатысуымен жүзеге асырылады.

Бакалавриат бағдарламалары аясында студенттер екі семестр бойы Ресейдегі ММХҚИ кампустарында білім алады, ал магистратура студенттері үшін 2 айлық ресейлік модульден өту қарастырылған. Оқу бағдарламасын сәтті аяқтаған түлектерге Ресей Федерациясының мемлекеттік үлгідегі дипломы беріледі, ол Ресей аумағында ММХҚИ дипломымен тең дәрежеде танылады» – делінген хабарламада.

Алғашқы кезеңде «ММХҚИ-Астана» Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің кампусында орналасады. Кейіннен оқу жеке ғимаратқа көшіріледі, қазіргі уақытта ғимараттың жобалау жұмыстары басталып кетті.

Басқа жаңалықтар

Back to top button