«Жомарт» шахтасындағы апат: комиссия жұмысты 10 күнде аяқтауға тиіс

Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың Ұлытау облысындағы «Жомарт» кенішіндегі апаттың себептерін тексеру және қаза тапқандардың отбасыларына көмек көрсету жөніндегі Үкіметтік комиссия жұмысының барысы туралы баяндамасы тыңдалды
«Алдын ала мәліметтер бойынша шахтада табиғи газ жарылған.
Комиссия басшысы мен мүшелері апат болған жерді қарап, қаза тапқандардың отбасыларымен кездесу өткізді.
Қазір шахтада жұмыс тоқтатылды. Екі арнайы комиссия құрылды: біреуі апаттың себептерін анықтауы керек, екіншісі қауіпсіздік ережелерінің бұзылғанын анықтайды. Комиссиялар өз жұмысын 10 күн ішінде аяқтауға тиіс» – делінген ҚР Үкіметінің баспасөз қызметінің хабарламасында.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қаза тапқандардың отбасыларына қажетті қолдау шаралары көрсетіледі.
Сондай-ақ Қазақмыс корпорациясы ұжымдық шартқа сәйкес көмек көрсетеді, оның ішінде жерлеуді ұйымдастыру, жылдық орташа жалақының 10 еселенген төлемі, балалардың оқу ақысын төлеу, қаза тапқан қызметкерлердің несиелері мен қарыздарын өтеу бойынша көмек түрлері бар.
«Бұдан басқа, қолданыстағы заңнама аясында кеншілер отбасына бюджеттен мемлекеттік жәрдемақылар және асыраушысынан айырылу бойынша әлеуметтік сақтандыру мемлекеттік қорынан әлеуметтік төлемдер тағайындалады, сондай-ақ жерлеуге төлемдер берілетін болады.
Жалпы тергеу нәтижелері комиссия жұмысының қорытындысы бойынша ұсынылатын болады» – деп атап өтілді отырыс барысында.
Еске сала кетсек, 17 ақпан күні Қазақмыс корпорациясының «Жомарт» кенішінің шахтасында апат болды. 7 адам қаза тапты, 402 адам өз бетінше эвакуацияланды.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Апат орнында Төтенше жағдайлар министрлігінің аумақтық жедел штабы ашылды.