Елімізде жолдарды басқаруға арналған «E-Joldar» бірыңғай цифрлық платформасы құрылады
Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында көлік министрі Марат Қарабаев жол саласын дамыту және цифрландыру мәселелері туралы баяндады, деп хабарлайды ҚР Үкіметінің Баспасөз қызметі.
Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы автомобиль көлігімен тасымалдарды дамытуға ерекше назар аударды. Оның дамуының ажырамас факторы сапалы жол инфрақұрылымының болуы. 2024 жылы рекордтты көлемде 12 мың шақырым жол жөндеумен қамтылды, оның 7 мың шақырымында негізгі жұмыстар аяқталды. Жобаларды жүзеге асыру шеңберінде 10 мыңнан астам құрылыс техникасы және 25 мың адам жұмылдырылды. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде республикалық және жергілікті жолдардың нормативтік жағдайы сәйкесінше 93% және 89% деңгейіне жетті.
Құрылысы көптен бері жүргізіліп келе жатқан Алматы мен Қарағандының, Талдықорған мен Өскеменнің және Ақтөбе – Атырау – Астрахан араларындағы жолдар ашылып, қолданысқа берілді. Сонымен қатар, «Қалбатау – Майқапшағай», «Қызылорда – Ұлытау облысының шекарасы», «Подстепное – Федоровка» және «Өнеге – Бейсен – Сайқын» сияқты жобаларда жолдың төменгі қабатын төсеу жұмыстары аяқталды. Аталған жұмыстарды орындау кезінде алғашқы рет салада бір жылдың ішінде 5 млн тоннадан астам асфальт төселді. Оған қоса, Шамалған стансасындағы жол өткелін, Бұқтырма су қоймасындағы көпір өткелін, Түркістан облысы Шақпақ баба асуындағы екі жолақты тоннелін салу сияқты ірі инфрақұрылымдық жобалар пайдалануға берілді.
Биыл 13 мың шақырым жол жөндеу жұмыстарымен қамту жоспарланған, оның ішінде 9,5 мың шақырымы қаржы көздерімен қамтамасыз етілген, 3,6 мың шақырымына қажетті құжаттар дайын, қаржыландыру мәселесі пысықталуда. Жаңа жобалар бойынша құрылыс маусымы басталғанға дейін мердігерлерді анықтау үшін конкурстық рәсімдер жүргізіліп жатыр. 2025 жылдың қорытындысына сәйкес, республикалық жолдардың 94%-ы, жергілікті жолдардың 91%-ы нормативтік жағдайға жеткізіледі.
Биылғы жоспарға сәйкес жалпы ұзындығы 1 083 шақырым болатын алдыңғы кезеңдерде басталған өтпелі жобалардың құрылысы жалғасады. Олар Қалбатау – Майқапшағай, Күрті – Қонаев, Қызылорда – Жезқазған және Ұзынағаш – Отар жолдары. Жаңа жобалардың ұзындығы 1 045 шақырым. Оның ішінде «Ақтөбе – Ұлғайсын», «Қарағанды – Жезқазған», «Атырау – Доссор», «Сарыағаш қаласының айналма жолы» бірінші техникалық санатқа ауыстырылады.
«Айта кететін мәселенің бірі отандық мердігерлерге қолдау көрсету, яғни жобаның орындаушысын анықтау барысында қазақстандық немесе қазақстаннның шетелдік компаниялармен бірлескен консорциумдарына басымдылық берілетін болады. Бұл отандық компаниялардың одан әрі тұрақты дамуына ықпалын тигізеді. Осы сұрақ Халықаралық қаржы институттарымен толығымен келісілді», — деп атап өтті спикер.
Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2029 жылға дейін 3 мың шақырым жолды бірінші және екінші санатқа ауыстыра отырып, реконструкциялау көзделген. Аталған жобаларды жүзеге асыру саланы және ел экономикасын дамытуға жаңа серпін беретіндігін атап өткен жөн.
«Қазір Министрліктің алдына 10 мың шақырым жолды орташа жөндеуден өткізу міндеті қойылған. Өткен жылы оның 5 мың шақырымында жұмыстар басталып, 1 мың шақырымы іске қосылды. Биыл қалған 4 мың және жаңа 2 мың 600 шақырымда орташа жөндеу жүргізіледі. Жалпы орташа жөндеумен қамту 6,6 мың шақырымды құрайды. Бұл әдіс жобаларды жүзеге асыру мерзімін 3 есе қысқартып, шығындарды 7 есе азайтуға мүмкіндік берді. Аталған жолдар – өңіраралық аудан мен ауданның арасын қосатын, халықтың тікелей игілігіне бағытталған жобалар», — деп мәлімдеді министр.
Оның айтуынша, Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Абай облыстарында ең ауқымды жұмыстар жоспарланған. Сондай-ақ 30 жылдан бастап 50 жылға дейін жөндеу жүргізілмеген Петропавл мен Жезқазған, Қандыағаш – Шалқар, Жаңаөзен – Түркіменстан шекарасы, Қарағанды – Аягөз – Боғас жолдары толығымен жөндеуден өткізіледі.
Көлік қозғалысының үздіксіздігін қамтамасыз ету барысында маңызды құрылымдардың бірі – жолды нормативті күтіп ұстау. Соңғы жылдары жол пайдалану техникасы паркі айтарлықтай жаңартылды. Бірақ, қызмет көрсету мерзімінің аяқталуына байланысты, ескі техникалар да есептен шығарылып жатыр.
2023–2024 жылдар аралығында 525 бірлік арнайы техника сатып алынып, биыл қосымша 470 техника сатып алу жоспарланған.
Сатып алу және істен шығуды есепке алғанда, жол пайдалану техникасының паркі 2,8 мың бірлікке жетеді. Бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты түрде жалғасады.
Жолдарды нормативті күтіп ұстаудың тағы бір құрамдас бөлігі қаржыландыруды қамтамасыз ету мәселесі.
Бюджетке түсетін жүктемені азайту және өзін-өзі ақтау мақсатында реконструкция және жөндеу жұмыстары аяқталған учаскелерде «ақылы» статусын кезең-кезеңімен енгізу жалғасуда.
Қазір республика бойынша ұзындығы 3,2 мың шақырым ақылы жол жүйесі жұмыс істейді. 2024 жылы түсім 48 млрд теңгені құрады.
Биыл қосымша 4 мың шақырым ақылы учаскелер енгізілетін болады, олардан келетін түсімдер көлемі биыл 60 млрд, ал келесі жылы 100 млрд теңгеге дейін жетеді.
Бұл ретте, осы ақылы жолдардан түскен қаражаттың бір бөлігін құрылыс жұмыстарына алынған қарыздардың пайыздық мөлшерлемелерді өтеуге жұмсау мәселесі қарастырылуда.
«Келесі маңызды мәселелердің бірі – автомобиль жолдарындағы қызмет көрсету нысандарын дамыту. Бүгінгі таңда 1 446 жол бойы қызмет көрсету нысаны жұмыс істейді, оның 90%-ы Ұлттық стандарт талаптарына сәйкес келеді. Биыл осы көрсеткішті 100% дейін жеткізетін боламыз. Заманауи жол бойы қызмет көрсету нысандарын қалыптастыру үшін QazaqOil, RoyalPetrol және Compass сияқты ірі инвесторлар 400-ден астам нысан салуды және жаңғыртуды жоспарлап отыр», — деп баяндады Жаслан Мәдиев.
Сонымен қатар министр өз сөзінде Petro Retail компаниясы жол бойы нысандары жүйесін құратынын айтты. 2029 жылға дейін 60 бірлік кешенді нысандар құрылысы жоспарланған, оның ішінде 10 бірлігі осы жылы жүзеге асырылмақ. Инвестиция көлемі 120 млрд теңге. Оларда жатын орын, TIR тұрағы және жанармай бекеттері қарастырылған.
«Жол бойы қызмет көрсету нысандарын дамытудың негізінде елімізде бірінші рет отандық қонақүйлер жүйесі және олардың франшизасы қалыптасатын болады. Бұл жол бойы нысандарының тасымал процессімен қатар, автотуризмнің де дамуына септігін тигізеді. Аталған жұмыстар Инвестициялар тарту жөніндегі кеңестің уақытылы қабылдаған шешімдерінің нәтижесінде орын алуда. Ұзындығы 70 мың шақырым болатын жергілікті жолдарда да ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр», — деді ол.
Бұл ретте, 2023 жылы басталған жалпы сипаттағы трансферттер шеңберінде жол жөндеуді қаржыландырудың оң ықпалын айта кету қажет. Оның нәтижесінде нормативті жағдайдағы жолдардың үлесі 4%-ға артты.
Сонымен қатар әкімдіктер тарапынан да паритетті қаржыландыру көлемінің артуы байқалады. Нақтырақ айтқанда биыл әкімдіктер жол құрылыс жұмыстарына қаржыландыруды 8%-ға көбейтті. Осы жылы жөндеу жұмыстары 4,2 мың шақырым жолды қамтиды.
«Қазіргі уақытта автожол саласында цифрлық технологияларды кезең-кезеңімен енгізу жұмыстары жүргізілуде. Барлық ақылы жол учаскелерінде KazToll жол жүру ақысын төлеу жүйесі сәтті жұмыс істеп тұр. 2024 жылы Бас прокуратураның ЕРАП жүйесімен интеграциялау аяқталып, «Орташа жылдамдық» жобасы іске қосылды. Жасанды интеллект технологиялары арқылы жол жағдайын бағалау мерзімін 4 сағатқа дейін қысқартуға мүмкіндік беретін Smart Road Diagnostic System (SRDS) жүйесі енгізілді», — деп атап өтті спикер.
Сондай-ақ биыл Автоматтандырылған өлшеу стансалары (АӨС) жүйесінің ЕРАП-пен интеграциясы аяқталады, бұл ауыр салмақты көліктерге қатысты әкімшілік өндірісті оңтайландыруға жағдай жасайды.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, автожол саласындағы қолданыстағы цифрлық жүйелер негізінде «E-Joldar» бірыңғай цифрлық платформасы құрылып, олар интеграцияланады.
«Платформа автомобиль жолдары бойынша ақпаратты жинау мен есепке алу жүйесін қамтиды және жол саласын дамыту үдерістерінің ашықтығын, жол активтерін сенімді түрде бақылау мен тиімді басқаруды қамтамасыз етеді. Платформа негізінде автожолдарды пайдаланушылар, белсенді азаматтар, жергілікті атқарушы органдар және жол активтерін басқаруға жауапты мамандар арасындағы қарым қатынас автоматтандырылады. Оны қолданысқа енгізу 2026 жылдың бірінші жартыжылдығына жоспарланған. Министрлік жол саласындағы жобаларды сапалы жүзеге асыру үшін барлық қажетті шараларды қабылдайды және уақтылы орындайды», — деп түйіндеді сөзін министр.