происшествие

«QI-Trade Kazakhstan» қаржы пирамидасының жетекшісі Қырғызстаннан экстрадицияланды

Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметі мәлім етті 

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы Қырғыз Республикасынан трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтың құрамында қаржы пирамидасын құрғаны және басқарғаны үшін қылмыстық жауаптылыққа тарту мақсатында Қазақстан азаматын экстрадициялады.

«Аталған топтың мүшелері 2017-2020 жылдар аралығында Қазақстан аумағында «QI-Trade» қаржы пирамидасын ұйымдастырып, 4,7 мыңнан астам салымшының жалпы сомасы 15 миллиард теңге қаражатын заңсыз иемденген.

Қылмыстық топтың кейбір мүшелері сотпен әртүрлі жазаға тартылған, ал күдікті қылмыс жасағаннан кейін бой тасалап, халықаралық іздеуге жарияланды.

Іздеуде бола тұра, ол Қырғызстанда кісі өлтіру қылмысын жасап, қырғыз сотымен сотталды» – делінген баспасөз хабарламасында.

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының сұрауы бойынша ол уақытша ұстап берілді, ал қаржы пирамидасын құрғаны және басқарғаны үшін қылмыстық жауаптылыққа тартылғаннан кейін Қырғыз Республикасына қайтарылатын болады.

«Осылайша, көрші мемлекет аумағында жазасын өтегеннен кейін күдіктіні Қазақстан аумағында жасаған қылмысы үшін жаза күтетін болады.

Айыпталған қылмыстарды жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылған» – деп қорытындылады Бас прокуратура.

Еске сала кетейік, бұған дейін Бас прокуратура осы қылмыстық топтың екі мүшесін Ресей мен Польшадан экстрадициялап, олар қазір әртүрлі жылдарға бас бостандығынан айыруға сотталған.

Басқа жаңалықтар

Back to top button