Франция Президенті Эмманюэль Макрон әлем бойынша адамдар ең көп баратын Лувр музейін жаңғырту мақсатында ауқымды жөндеу жұмыстары жүргізілетінін мәлімдеді. Бұл туралы Euronews хабарлайды.
Мемлекет басшысының баспасөз конференциясы әйгілі «Мона Лиза» картинасы орналасқан залда өтті. «Жаңа Ренессанс» деп аталған он жылдық жаңғырту жобасы қосымша кіреберіс салу мен билет бағасын көтеруді қамтиды.
Жаңғырту жұмыстарына бөлінген нақты қаражат сомасы жарияланбағанымен, сарапшылардың бағалауынша, бұл жоба 700-800 миллион еуроға дейін жетуі мүмкін. Лувр қайта жөндеуден соңғы рет 1980 жылдары өткен, сол кезде әйгілі шыны пирамида салынған болатын. Алайда қазіргі уақытта музей халықаралық стандарттарға сай келмейді, деп атап өтті мамандар.
Президент Эмманюэль Макронның айтуынша, 2031 жылға дейін Сена өзенінің жанынан Луврға жаңа кіреберіс салынады. Құрылыстың қаржыландырылуы билет сатылымынан, меценаттық көмектерден және Абу-Дабидегі филиалдың лицензиялық төлемдерінен жүзеге асырылады. Алдағы уақытта жаңа жобаның дизайнын әзірлеу үшін арнайы конкурс жарияланбақ.
Сонымен қатар, музейдің кеңеюіне байланысты бірнеше жерасты ғимаратының құрылысы жоспарланған және Лувр билеттерінің бағасы ЕО-ға кірмейтін елдерден келген қонақтар үшін 22 еуроға дейін көтерілетінін мәлім болды.