Технология

Елімізде жаңартылатын энергия көздерінің үлесі 4,5%-ға дейін жеткізілді

Үкіметте Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен «Жасыл» экономикаға көшу жөніндегі кеңес отырысында Мемлекет басшысының 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу және энергия сыйымдылығын төмендету жөніндегі Қазақстан халқына Жолдауында қойған мақсаттарын іске асыру мәселелері қаралды. Қойылған міндеттерді орындау жұмыстарының барысы туралы «Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» (ХЖТИЖО) КЕАҚ басқарма төрағасы Дидар Қарымсақов баяндады, сондай-ақ бірқатар өңір әкімдерінің баяндамалары тыңдалды, деп хабарлайды Рrimeminister.kz сайты.

«Жасыл» экономикаға көшу тұжырымдамасы Қазақстанда 10 жылдан астам уақыт бойы жүзеге асырылып келеді. Осы кезеңде елімізде жаңартылатын энергия көздерінің үлесі 4,5%-ға дейін жеткізілді. Өндіріс қалдықтарын қайта өңдеу деңгейі 25%-ға, тұтыну деңгейі 39%-ға жетті. Тұжырымдамада белгіленген мақсаттарды іске асырудың ең тиімді құралдарының бірі — өнеркәсіптік және ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының қолжетімді ең озық техникаларды қолдануы. 2021-2023 жылдар кезеңінде ХЖТИЖО ТОП-50 қатарынан ірі кәсіпорындардың қызметін қамтитын өндірістік процестерде тиімді технологияларды пайдалану бойынша өнеркәсіптің әртүрлі саласы үшін 16 анықтамалықты жасақтады. 2027 жылға дейін өңдеу саласы, сумен жабдықтау, қалдықтарды утилизациялау және мал шаруашылығы компаниялары үшін тағы 16 құжат әзірлеу жоспарда бар.

«Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, көптеген дамыған елдерде бизнестің өзі салалық анықтамалықтарды әзірлеуге қаражат салуға мүдделі. Осыған байланысты Экология және табиғи ресурстар министрлігі «Атамекен» палатасымен, мүдделі салалық қауымдастықтармен және ұйымдармен бірге 2025–2027 жылдарға жоспарланған анықтамалықтарды әзірлеу жөніндегі іс-шараларды бірлесіп қаржыландыру мәселесін пысықтауы қажет», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Отырыс барысында «жасыл» экономикаға көшу шеңберінде теңгерімді аумақтық дамуға көп көңіл бөлінетіні айтылды. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысы жаңартылатын энергияны пайдалану бойынша оң нәтижелерді көрсетуде. Өңірде жалпы қуаты 70,3 МВт болатын 174 энергия көзі жұмыс істейді. Бұл ретте өсімдіктен алынатын отын есебінен биомассамен жұмыс істейтін 125 қазандық орнатылып, 80 бюджеттік мекемені энергиямен қамтамасыз етуде, бұл шамамен 260 млн теңгені үнемдеуге мүмкіндік береді. Ақмола облысында өткен жылдың қорытындысы бойынша кәсіпорындар қалдықтарының көлемі 2021 жылмен салыстырғанда 96%-ға төмендеді. Өңірдің электр энергетикасының жалпы көлеміндегі «жасыл» энергияның үлесі 74%-ды құрайды. Жамбыл облысы су ресурстарын тиімді пайдалану қажеттілігіне байланысты 2025 жылға дейін 257 су нысанын жөндеу жоспарлары туралы есеп берді. Қазіргі таңда өңірге суармалы судың негізгі көлемі Талас және Шу трансшекаралық өзендерінен келеді.

Олжас Бектенов Мемлекет басшысының «Жасыл» экономикаға көшу жөніндегі тұжырымдаманы өзектендіру туралы жаңа Жарлығында ауаның ластануын төмендету, органикалық өнім өндірісін арттыру, су үнемдеу технологияларын енгізу бойынша өзекті нысаналы көрсеткіштер белгіленгенін атап өтті. «Жасыл» экономикаға көшу жөніндегі жұмыс барлық деңгейде жандандырылуы тиіс. Премьер-Министр әкімдіктерге мүдделі орталық мемлекеттік органдармен бірлесіп, жоспар жобасында «жасыл» экономика индикаторларына қол жеткізуге бағытталған іс-шараларды қарастыруды тапсырды. Алдағы уақытта тиісті нысаналы көрсеткіштерді өңірлік даму жоспарларына біріктіру қажет.

«Экологиялық жобаларды қаржылық қамтамасыз ету үшін жасыл кредиттеу және жасыл облигациялар шығару тетіктерін дамыту қажет», — деді Премьер-Министр. Қойылған міндеттерді іске асыру үшін 2024-2030 жылдарға арналған тиісті іс-шаралар жоспарының жобасы әзірленуде.

Басқа жаңалықтар

Back to top button