Байланыс сапасын жақсарту үшін қандай шаралар әзірленді?
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі байланыс сапасын жақсарту үшін бірқатар шараларды әзірледі
Бүкіл ел бойынша байланыс сапасын жақсарту жөніндегі жұмыстарға мониторинг жүргізу мақсатында Министрлік Цифрлық телекоммуникациялар картасын әзірледі https://digitalmap.gov.kz/, онда байланыс технологияларының түрлері бойынша ағымдағы қамту және Қазақстанның барлық елді мекендерін сапалы байланыспен қамтамасыз ету жөніндегі операторлардың жоспарлары туралы ақпарат орналастырылатын болады, деп хабарлайды ҚР ЦДИАӨМ баспасөз қызметі.
«Цифрлық телекоммуникациялар картасы» сондай-ақ «Қолжетімді интернет» Ұлттық жобасында және жергілікті атқарушы органдар, министрлік және байланыс операторлары арасында қол қойылған “Жол карталарында” қарастырылған елді мекендерге интернет жеткізу жоспарлары туралы ақпаратты қамтиды.
Сонымен қатар, аталған «Цифрлық карта» қалалар мен ауылдардағы байланыс сапасы мәселелеріне қатысты қоғамдық мониторинг және бақылау құралы болады.
Әрбір азамат елді мекендердегі байланыс сапасындағы барлық ағымдағы мәселелерді және оларды жою жоспарларын көре алады, сондай-ақ кез-келген орын бойынша байланыс сапасына жеке бағасын бере алады.
Бұл карта пилоттық режимде қосылған. Функционал жағынан толықтырылатын болады. Бұл байланыс сапасын тексеру бойынша қоғамдық бақылауды күшейтуге септігін тигізетін шара.
Байланыс сапасын жақсарту бойынша жүйелі шара ретінде елді мекендердің Бас жоспарлары мен егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларында электр желілері, жолдар және сумен жабдықтау сияқты байланыс желілерінің тиісті инфрақұрылымын қарастыру жоспарлануда. Ведомствоның жоспарлары бойынша әкімдіктер байланыс операторларымен бірге байланыс құралдарын орналастыру орындарын егжей-тегжейлі жоспарлау және бас жоспарға түзетулер енгізеді. Ол өз кезегінде, байланыс операторларының базалық станцияларын орналастыруға қажетті орындарды алдын-ала жоспарлауға мүмкіндік береді.
Келесі шара ретінде еліміздегі базалық станциялардың радиосигналының шекті деңгейінің нормативтерін қайта қарау ұсынылады. Қазақстанда дамыған елдермен және жақын шетелдермен салыстырғанда 10-20 есе қатаң нормативтер бар. Мысалы, Германия, Франция, Англия және АҚШ сияқты елдер 200 мкВт/см² нормативін бекітті. Ал Қазақстанда бұл көрсеткіш 10 мкВт/см² құрайды.
Сонымен қатар, қалаларда интернет пен ұялы байланыстың жоғары сапасын қамтамасыз ету аясында министрліктің техникалық мамандары қалаларда байланыс сапасын өлшеу жұмыстарын жүргізеді. Өлшеу нәтижелері бойынша байланыс сапасы төмен сапалы орындар анықталып, министрлік әкімдіктермен және ұялы байланыс операторларымен бірге «ақ нүктелерді» жою жұмыстарын жүргізеді.
Министрлікте байланысқа қатысты туындайтын мәселелерді үнемі мониторингілеп, шешу мақсатында министрлік, жергілікті атқарушы органдар және байланыс операторларының өкілдері кіретін Жедел штаб құрылды.
Қосымша шара ретінде министрлік Ұлттық қауіпсіздік комитетімен келісе отырып, мемлекеттік мекемелерде (мемлекеттік құпияларды қорғау бойынша ғимараттар жоқ жерде) базалық станцияларды орнатуға рұқсат беретін нормативтік-құқықтық актіге өзгерістер енгізеді.
Сондай-ақ, Wi-Fi желілері арқылы Voice Over Wi-Fi (VoWiFi) технологиясын іске қосу мәселесі қарастырылуда. Бұл технология дәстүрлі ұялы желілердің орнына Wi-Fi желілері арқылы дауыстық қоңыраулар жасауға мүмкіндік береді. VoWiFi жерасты автотұрақтары немесе радиосигнал өтпейтін ғимараттар сияқты ұялы желінің нашар қамту аймақтарында жақсы байланыс сапасын қамтамасыз ете алады.
Сонымен қатар, байланыс саласындағы мемлекеттік бақылау функцияларын орталықсыздандыру аясында министрлік жергілікті атқарушы органдарды осы саладағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыруға өкілеттік беруді ұсынды.