Әлем

Араб елдері Ирландия, Норвегия және Испанияның Палестинаны мойындауын қалай қабылдады

Ирландия, Норвегия және Испания 28 мамырдан бастап Палестина мемлекетін мойындайтындықтарын мәлімдеді. Араб елдері еуропалық мемлекеттердің Палестинаны мойындауына қалай қарайтыны жайлы Kazinform-нан оқыңыздар.

Палестина, Сауд Арабиясы, Мысыр және Иордания Еуропаның үш мемлекетінің шешімін жоғары бағалады

Палестина басшысы Махмуд Аббас кеңсесі Норвегия, Испания және Ирландияның Палестина мемлекетін мойындайтындыны туралы мәлімдемелерін құптады. Президент әкімшілігі жария еткен үш бөлек мәлімдемеде соңғы жылдары үш елдің Палестина халқының құқықтарына көрсеткен қолдауын, сондай-ақ халықаралық форумдарда «палестиндіктердің өз жерінде өзін-өзі анықтауы» пайдасына олардың дауыс берулерін жоғары бағаланған.

Аталған елді азат ету ұйымы да Норвегия, Испания және Ирландия шешімін қолдап, мәлімдеме жасады.

АМАС саяси бюросының жоғары лауазымды мүшесі Басем Наим үш еуропалық елдің аталған елдің мемлекеттігін мойындауға итермелеген жайт Палестина халқының «батыл қарсылығы» болғанын мәлім етті.

«Бұл дәйекті мойындаулар Палестина халқының батыл қарсылығы мен аңызға айналған төзімділігінің тікелей нәтижесі саналады… Біз бұл Палестина мәселесі бойынша халықаралық ұстанымның бетбұрысты кезеңі болады деп санаймыз», – деді Наим.

Сауд Арабиясы Палестина мемлекетін үш еуропалық елдің мойындауын құптады және жоғары бағалады.

«Сыртқы істер министрлігі Сауд Арабиясы Корольдігі бауырлас Палестина мемлекетін Норвегия Корольдігі, Испания Корольдігі және Ирландия Республикасының мойындауын қолдау, ризашылығын білдіреді», – делінген ведомство мәлімдемесінде.

Иордания Дублин, Осло және Мадридтің үйлесімді әрекетін «Палестина мемлекеттілігіне маңызды және айтарлықтай қадам» ретінде қолдау білдірді.

«Біз достас еуропалық елдердің бүгін Палестина мемлекетін мойындау туралы шешім қабылдауын құптаймыз», – деді Иорданияның Сыртқы істер министрі Айман Сафади Амманда өткен баспасөз мәслихатында.

«Біз бұл шешімді бағалаймыз және оны 1967 жылдың шілдесіндегі шекара бойымен тәуелсіз, егемен Палестина мемлекетін қамтитын екі мемлекет құру туралы шешімнің маңызды қадамы деп санаймыз», – деді Сафади.

Мысыр да Еуропаның үш елінің Палестинаны мойындау туралы шешімін құптайды және басқа мемлекеттерді де үлгі алуға шақырады.

«Мысыр Араб Республикасы мұндай қадамға әлі бара қоймаған елдерді Палестина мемлекетін мойындауға қарай ілгері жылжуға үндейді», – делінген Араб Республикасы Сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесінде.

Араб мемлекеттері лигасының Бас хатшысы Ахмед Абуль Гейт те Палестинаның мойындалуын құптап, оны батыл қадам деп санайтынын жеткізді.

«Мен бұл елдерді осынау қақтығыста тарихтың дұрыс жағына қарай қадам жасағаны үшін құттықтаймын және алғыс айтамын. Мұндай қадам әлі жасамаған елдерді алғашқы батыл қадамын жасаған үш мемлекеттің жолын ұстануға шақырамын», – деді Араб мемлекеттері лигасының Бас хатшы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button