Астанада Қаныш Сәтбаевтың ескертікшіне гүл қою рәсімі өтті
Биыл ғұлама ғалым, Қазақстан ғылым академиясының негізін қалаушы, әрі оның тұңғыш президенті, академик, геолог Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың туғанына 125 жыл
Жыл сайын 12 сәуір Қаныш Имантайұлының туған күніне орай елімізде Ғылым күні атап өтіледі. Академик саналы ғұмырында Қазақстандағы ғылым саласын дамытуға, халқының арман-мұраты жолында аянбай қызмет еткені белгілі. Сол үшін де Мемлекет басшысы Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдық мерейтойын халықаралық деңгейде, ауқымды атап өту жөнінде тапсырма берді.
Осыған орай, Астана қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен бүгін Қаныш Сәтбаевтың ескертікшіне гүл қою рәсімі өтті.
Рәсімге қатысушылардың қатарында ҚР Парламенті Сенатының депутаты Алтынбек Нұхұлы, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев, Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов және басқа да зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері мен қала тұрғындары да болды.
Шара қонақтары Қаныш Сәтбаевтың ерең еңбегі жайында сөз сөйлеп, отандық ғылымның дамуына қосқан үлесі мен бүгінде ізін қуған жас ғалымдарға қалдырған теңдессіз мұрасын атап өтті.
Сондай-ақ іс-шара аясында академиктің ескерткіші жанынан ғұлама Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлының кезінде жас Қанышқа берген ақ батасы жазылған белгі-тастың ашылу салтанаты өтті.
Белгі-тастың ресми ашылу салтанатына ғұлама Мәшһүр-Жүсіптің шөбересі – Абай Шарапиев пен Қаныш Сәтбаевтың ұрпағы – Сұлтан Сәтбаев қатысты.