Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы сауда қатынастарын дамыту барысындағы жаңа тәсілдер талқыланған жиынға көлік вице-министрі Сәтжан Аблалиев қатысты
Шарада сондай-ақ Әзербайжан Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Агалар Рагим оглы Атамогланов пен Қазақстанның Әзербайжан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Әлім Дәуренұлы Байел болды.
«Бүгінгі іс-шараның маңыздылығы зор. Өйткені аталған форматтағы жиындар екі елдің бизнес-құрылымдарының басын қосып, өзара ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге мүмкіндік береді. Жуырда Астана қаласында Қазақстан мен Әзербайжан Республикасы арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі бірлескен үкіметаралық комиссияның 20-шы отырысы жоғары деңгейде өткен болатын. Нәтижесінде сауда, көлік, энергетика, цифрландыру, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, білім беру, мәдениет, туризм және басқа да мәселелер талқыланып, пысықталды», – деп атап өтті вице-министр.
Өз сөзінде С.Аблалиев көлік саласында қол жеткізілген жақсы көрсеткіштерге де тоқталып өтті. Мәселен, өткен жылы екі ел арасында жүк тасымалдау көлемі ұлғайып, 4,3 млн тоннаны құраған. Ал Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша 2023 жылы тасымалдау көлемі 65%-ға ұлғайып, 2,8 млн тоннаға жетті. 2024 жылы аталған халықаралық көлік бағыты бойынша тасымалдау көлемін тағы 43 пайызға ұлғайту көзделіп отыр.
Жиынның қорытындысы бойынша Әзербайжан Республикасының кәсіпкерлер ұйымдарының Ұлттық конфедерациясы мен «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы арасында өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылды. Сонымен бірге В2В форматында бірнеше кездесу өтті.