Қазақстан Дүниежүзілік банктің Пандемия қорынан өтеусіз грант алды
Астанада Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің, БҰҰ-ның ҚР-дағы тұрақты үйлестірушісі Микаэль Фриберг-Сторидің, ДДҰ-ның Қазақстандағы өкілі доктор Скендер Сыланың, Пандемия қорының атқарушы директоры Прия Басудың, дипломатиялық миссиялар өкілдерінің қатысуымен Пандемия қорының гранты ресми түрде іске қосылды, деп хабарлайды Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.
Министрліктің мәліметінше, Пандемия қорының қаражаты елдің денсаулық сақтау жүйесінің эпидемиологиялық қадағалау, шекаралық бақылау, зертханалық қауіпсіздік, ерте анықтау және ден қою, сондай-ақ персоналды оқыту саласындағы міндеттерін шешуге бағытталатын болады.
ДДҰ-ның Қазақстандағы елдік офисі осы гранттың елде іске асырылуын үйлестіреді және Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігіне жалпы техникалық қолдауды қамтамасыз етеді.
Қазақстан ДДҰ Еуропалық өңірінің 36 елінің біріне айналды, үш жыл мерзімге 19 млн. АҚШ доллары сомасына елдік грант және 27 млн. АҚШ доллары сомасына көп елдік грант алды.