БастыӘлем

Констанца портында Қазақстан-Румыния көлік-логистикалық бизнес-форумы өтті

Румынияға жұмыс сапары барысында қазақстандық делегация халықаралық автомобиль тасымалдары жөніндегі бірлескен комиссияның отырысына қатысты

Көлік министрі Марат Қарабаев бастаған қазақстандық делегация Румынияға сапары аясында Констанца портындағы көлік-логистикалық бизнес-форумға және халықаралық автомобиль тасымалдары жөніндегі бірлескен комиссияның отырысына қатысты. Аталған форум аясында Румынияның бизнес өкілдерімен В2В форматында кездесулер өтті.

Іс-шараларға Қазақстан тарапынан вице-министр Талғат Ластаев, теміржол және су көлігі комитетінің төрағасы Олжас Сапарбеков, KTZ Express АҚ, «Ақтау теңіз сауда порты» ҰК, «Транскаспий халықаралық көлік маршрутының» халықаралық қауымдастығы, Semurg Invest, Dar Rail және PTC Holding ЖШС басшылығының өкілдері қатысты.

Форумда сөз сөйлеген министр Марат Кәрімжанұлы Қазақстан көлік саласын дамытуға, Азиядан Еуропаға барар жолда транзиттік тасымалдардың жылдамдығы мен сапасын арттыруға барлық жағдай жасап жатқанын атап өтті. Сондай-ақ ол бизнес өкілдерінің кездесуі Қазақстан мен Румыния арасындағы автотасымалдар саласына жаңа серпін береді деген үмітін білдірді.

Бұл күні қазақстандық делегация Румыния Көлік және инфрақұрылым министрінің орынбасары Адриан Фогиштің сүйемелдеуімен Констанца қаласындағы Румыниядағы ірі порттың қызметімен танысты.

Теңіз-өзен портының 156 айлағы және екі жалпыеуропалық көлік дәлізінің қиылысында қолайлы географиялық орны бар. Порттың жанында Мидия және Мангалия сынды екі спутниктік порт орналасқан. Аталған порттың қуаты жылына 100 млн тонна жүкті құрайды.

Констанца портының мүмкіндіктері мен артықшылықтары Транскаспий халықаралық көлік маршрутының әлеуетін ашуда, сондай-ақ транзиттік жүк ағындарының көлемін өзара ұлғайту және мультимодальды тасымалдар мен логистикалық процестер саласындағы озық тәжірибемен алмасу үшін Қазақстан мен Румыния арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуда маңызды рөл атқара алады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button