БастыҚоғам

«Құсбегілік» Ұлттық спорт түрі бойынша Халықаралық турнир бастау алды

Алматы облысы, Кеген ауданы, Ақай Нүсіпбеков атындағы (Кіші Жалаңаш) ауылда 12-15 қазан аралығында «Құсбегілік» Ұлттық спорт түрі бойынша «Жалайыр Шора» Бүркітшілер мектебінің 35 жылдығына орай  СӘРСЕНБЕК ДӘУЛЕТБАҚОВТЫ  еске алуға  арналған «САЛБУРЫН» атты Халықаралық  турнирі өтуде. Бұл туралы Құсбегілік федерациясының баспасөз қызметі хабарлады.

Қазақ ұлтының қанына сіңген, көшпенділер өмірінен берік орын алған үлкен өнердің бір түрі – құсбегілік, ұлтымыздың ерекшелігін айқындап, болмысын айшықтайтыны анық. Оған дәлел ретінде әлемдегі бірде-бір елдің мемлекеттік рәміздерінде кездеспейтін Қазақстанның көк Туында қанат қаққан киелі Қыран-халқымыздың биікке самғаған асыл арманы, қайтпас рухы!

Бүркіт салып, саятшылық құру – тым ертеден қалыптасқан дәстүр, дәстүрлі өнер, ұлттық мәдениет. Тегінде саят құстарының ішіндегі ең ірісі, қарулысы – Бүркіттің қоян, түлкіден бастап, ірі қоңыр аңдар: елік, арқар, таутеке, тіптен өткен тарихта аюға түскендері бар.

Қазақстан Республикасының Президенті  Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында:

«Жаһандану кезінде ел жатжұрттың ықпалына бейсаналы түрде ілесіп кеткенін аңғармайды. Басқаша айтқанда, мәжбүрліктен емес, санасының улануы арқылы өз еркімен торға түседі. Сондықтан, жаңа заманның жақсы-жаманын екшеп, артықшылықтарын бойға сіңірумен қатар, тамырымызды берік сақтауымыз қажет. Ұлттық болмысымыздан, төл мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізден ажырап қалмау – барлық өркениеттер мидай араласқан аласапыранда жұтылып кетпеудің бірден бір кепілі» –деген еді.

1988 жылы қаптаған қиыншылықтарға қарамастан, қатары азайып бара жатқан құсбегілердің басын біріктіру, жастарға өнеге алып қалу мақсатымен, Алматы облысында  республикада тұңғыш  – Жалайыр Шора атындағы  Бүркітшілер мектебінің іргетасы қаланған болатын. Оған белгілі  мемлекет, қоғам қайраткері Заманбек Нұрқаділов, этнограф – ғалым Жағда Бабалықұлы, қоғам қайраткері Заманбек Батталханұлы, журналист Бағдат Мүптекеқызы  бас болып,  Сәрсенбек Дәулетбақұлы, Айтбай Жетібайұлы, Байжүніс Көдекұлы, Молдажан Мәметұлы, Бәйтеке Тәжіұлы, Әбен Тоқтасынұлы, Сейітжан Байжүнісұлы, Шәкен Ошанбайұлы (бұл кісілер қазір арамызда жоқ), Әбілхақ Тұрдыбайұлы, секілді біраз құсбегілер ат салысқан болатын.  Журналист Бағдат Мүптекеқызының бүгінде 35 жыл бойы тынымсыз еңбегі арқасында, ұрпақ санасынан өше жаздаған құсбегілік өнер ел ішіне таралып, өресі біршама өсті.

Бүркітшілер көп шоғырланған және тәжірибесі мол Алматы облысына қарап, Ұлттық спорт мектептерінен «Саят» бөлімін ашып, бірді-екілі болса да облыс орталықтарындағы жоғарғы оқу орындарында спорт мамандарын даярлайтын жоғарғы оқу орындары ұлттық спортқа көңіл бөліне бастады. Бүгінде республикамыздың 14 облысында (Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстары мен  Шымкент қаласынан басқа) Ұлттық спорт мектептерінде «Құсбегілік» бөлімдері жұмыс істейді.

Бүгінгі айтулы шараның иесі, осыдан 35 жыл бұрын құрылған «Жалайыр Шора» Бүркітшілер мектебінің алғашқы негізін қалаушылардың бірі, 1921 жылы 12 қыркүйекте  Кеген ауданы   «Қарабұлақ»  ауылында  дүниеге келген Сәрсенбек Бәрменбекұлы Дәулетбақов бабалар мұрасын лайықты жалғастырушылардың бірі. Шаруашылықта шопан бола жүріп, жүйрік ат жаратып, отыз жылдай қолынан бүркітін тастамаған. Кеңестік кезеңнің өзінде жапон, француз киногерлерін таң қалдырып, қасқыр, еліктен басқа, орман ішінде сілеусінге бүркітін түсіріп, қазақ елін  Франция, Жапония   секілді шет жерлерге танытқан әйгілі жан. Қазақ Құсбегілік өнерінде өзі білетін  «Алтайдың ақиығы», «Тәңіртаудың Мұзбалақ қарасы», «Даланың алтын сарысы» Қырандарының қасиетін танып, қадыріне қанығып өткен сирек тұлға. Сонымен қатар, жүйрік атқа «алтынмен аптап, күміспен күптеген» ер-тұрман жасап, қыз-келіншектерге арнап  әшекей бұйымдар соғып, аты шыққан зергер, жігітке тән «жеті өнерді игерген» сал-серілердің соңғы тұяғы 1997 жылы 6 қазанда дүниеден озған еді.

Бабамыздан қалған ұлттық құндылығымыз,  бекзат   өнерімізді  кейінгі ұрпаққа аманат етіп қалдыру,   ұзақ жылдар бойы  ұмытыла жаздап, тасада қалып келген  елеулі есімді жарыққа шығарып, ел есінде жаңғырту,  халықаралық деңгейге көтеру мақсатында, өткен  жылы белгілі журналист, мемлекет және қоғам қайраткері  Берік Уәлидің басшылығымен құрылған «Республикалық Құсбегілік  Федерациясы»ҚБ-нің биыл Алматы облысында бұл – алғаш рет Халықаралық деңгейде қолға алып отырған шарасы.

«Ескірмейтін есімдер» атты Федерацияның осынау үлкен Жобасы алда да жер-жерде қолдау тауып, жалғасатын болса, ұрпақ үшін ұлттық құндылықтарымыздың  өрісі кеңейіп, ұлттық идеологиямыз  орнығары анық.

Ұйымдастырушылар: ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Дене шынықтыру және спорт комитеті, «Самұрық-Қазына» ӘҚ, Спорт Қоры, ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы, «Республикалық Құсбегілік  Федерациясы» ҚБ,   Алматы облысының Әкімдігі мен «Қыран» Федерациясы» Қоғамдық қоры. Алдын-ала жасалған жан-жақты дайындықтың нәтижесінде, Түркия, Маңғолия, Қытай, Португалия мемлекеттерімен қатар, көршілес «айыр қалпақты» қырғыз ағайындардан оннан аса  Құсбегілер осынау айтулы шараға ат басын тірейді. Сондай-ақ,  республикамыздың барлық өңірлерінен дерлік, атап айтқанда Астана, Алматы қалаларынан, Ақмола, Атырау, Алматы, Абай, Жамбыл, Жетісу, Маңғыстау, Қарағанды, Павлодар, Түркістан облыстарынан 100-дей Құсбегілер қолдарына қыран қондырып, сұңқар, қаршыға ұшырып   сайысқа түспекші.

Үш Қарқара баурайында болатын  айтулы оқиғаларымен айшықталған,  кезінде қазақта  сый-құрметтің  төресі саналған, қолдарына қыран ұстап, сән-салтанат құрған сал-серілердің айнымас серігіне айналған айтулы  аңшылық мерекесін еліміздің БАҚ өкілдері жан-жақты насихаттайды деген сенімдеміз.

Ұйымдастыру комитеті.

Айта кетейік, «Құсбегілік» Федерациясы» РҚБ-нің Бас серіктесі – «Самұрық Қазына» ҰӘҚ» АҚ, серіктесі – «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры» КҚ.

Байланыс телефоны: 8 701 455 77 30 Бағдат Мүптекеқызы, «Республикалық Құсбегілік  Федерациясының»  вице-президенті.

Электрондық пошта: e-mail: kyran_kz@mail.ru

                             

ІХ.Турнирдің бағдарламасы

12 қазан, бейсенбі       

Дайындық кезеңі. Киіз үйлер, қостардың тігілуі. Турнирге қатысушылардың келуі, орналасуы.

17.00-17.30              Мандат комиссиясының отырысы.

17.30-18.00              Жеребе тарту.

18.00-19.00              Төрешілер алқасының отырысы.

 

13 қазан, жұма       

08.00 – 09.00.      Таңғы ас.

09.00 – 10.00            Жарысқа қатысушылардың жарыс алаңына жиналуы.

10.30 –10.10.      Жарыстың  ашылуы. Жарыстың алғашқы күні.

Дайындық кезеңі. Құсбегінің ұлттық нақыштағы спорттық

киім үлгісі, құстың жай-күйін бағалау,  құсқа қажетті құрал-

жабдықтарын түгендеу.

10.10-12.30.      Бүркітті қолға шақыру.

13.00 -14.00.     Түскі ас.

14.00 -17.00.     Жарыстың жалғасы.

  • Бүркітті шырғаға салу.

17.00 – 17.30.      Жарысты қорытындылау.

Кешкі ас.

 

14 қазан, сенбі       

  08.00 – 09.00.    Таңғы ас.

09.00 – 10.00.      Жарысқа қатысушылардың жарыс алаңына жиналуы.

10.00 – 17.00.       Жартылай Финал.

  • Бүркітті қоянға салу.
  • Сұңқарларды қолға, далбайға шақыру.
  • Қаршығаны қолға шақыру, кептерге салу.

17.00-17.30            Жарысты қорытындылау.

18.00-19.00            Кешкі ас.

19.00-20.00            «Жігіттің жеті өнері». Құсбегілердің ұлттық өнердегі

белсенділігі (шығармашылығы, ұлттық музыкалық аспапта

ойнау,  ән-күй орындау, шығармашылық шеберлігін сынау т.б.).

 

15 қазан, жексенбі       

10.00 – 10.30.       Турнирдің Салтанатты ашылуы.

10.30 – 15.00          ФИНАЛ. Еркін аң аулау. Бүркітті түлкіге  салу.

  • Қаршығаны, сұңқарларды қоянға салу.
  • 00-16.00 Жарысты қорытындылау.

Турнирдің Салтанатты жабылуы. Марапаттау рәсімі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button