Саясат

Қазақстан-Вьетнам ынтымақтастығын одан әрі белсенді дамытуға еш кедергі жоқ

Вице-премьер Серік Жұманғарин Вьетнам Социалистік Республикасының Ұлттық жиналысы төрағасының бірінші орынбасары Нгуен Хак Динеммен кездесті. Бұл туралы Премьер-Министрдің баспасөз қызметі хабарлайды.

Қазақстан мен Вьетнам арасында жан-жақты ынтымақтастықты белсенді дамыту үшін елеулі кедергілер жоқ – кездесуге қатысушылар екі елдің өзара қарым-қатынасын осылай сипаттады. Вьетнам Қазақстанның Азия-Тынық мұхиты өңіріндегі маңызды сауда-экономикалық серіктесі. Бірлескен тауар айналымы белсенді өсуде, туризм, көлік инфрақұрылымы дамуда. Елдер арасында Қазақстан-Вьетнам байланыстарын нығайтуға бағытталған маңызды құжаттарға, оның ішінде «2023-2025 жылдарға арналған сауда-экономикалық ынтымақтастықты жеделдетіп дамыту жөніндегі бірлескен іс-қимыл жоспарына» қол қойылды. Құжат екі елдің мемлекеттік органдары арасындағы екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға және нығайтуға бағытталған бірлескен іс-шаралар кешенін көздейді.

«Өзара іс-қимылдың перспективалы бағыттарының бірі – ауыл шаруашылығы. Қазақстан астық пен ұнды ірі экспорттаушылардың ондығына кіреді. Майлы дақылдар экспортын 1 млн тоннаға дейін ұлғайтты. Біз Вьетнамға 100 тауар позициясы бойынша $600 млн-нан астам сомаға экспортты арттыруда үлкен әлеуетті көріп отырмыз. Вьетнамдық серіктестерімізді ауыл шаруашылығы секторында, металлургияда бірлескен инвестициялық және технологиялық жобаларды іске асыруға шақырамыз», — деп атап өтті Серік Жұманғарин.

Вице-премьер сирек кездесетін металдар, тоқыма өнеркәсібі саласындағы өзара іс-қимылдың зор әлеуетін атап өтті.

«Вьетнамда жартылай өткізгіштер өндірісі қарқынды дамып келеді. Вьетнамдық компанияларды осы бағытта белсенді ынтымақтастыққа шақырамыз. Сондай-ақ тоқыма өнеркәсібі мен былғары өнімдерін өндіру де перспективалы бағыт болып табылады. Қазақстанның оңтүстігінде мақта кластерін құру жөніндегі жоспарларымызды ескере отырып, біз осы салада бірлескен өндіріс құра алар едік», — деп ұсынды ол.

Өз тарапынан Нгуен Хак Динь бұл оның Қазақстанға алғашқы сапары екенін және Қазақстанның кең даласы мен сұлу табиғатына тәнті болғанын атап өтті.

«Біздің елдеріміздің арасында ұзақ уақыттан бері жақсы қарым-қатынас орныққан, ынтымақтастықты дамытуға кедергілер жоқ, бірақ оны күшейтуге зор әлеует бар», — деп мәлімдеді ол.

Анықтама: Қазақстан мен Вьетнам арасындағы тауар айналымы 2022 жылы $528,3 млн құрады, бұл өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 23,9% жоғары ($426,2 млн). Қазақстаннан Вьетнамға экспорт 2022 жылы 54,8%-ға ($125,4 млн), импорт 16,7% ($402,9 млн).

Қазақстан мен Вьетнам арасындағы тауар айналымы 2023 жылғы қаңтар-шілдеде $686,9 млн құрады. Бұл өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 3,4 есе жоғары ($204,5 млн).

Басқа жаңалықтар

Back to top button