Бастыпроисшествие

«Астана – Петропавл» автожолында екі көлік жанып, 2 адам қаза тапты

Солтүстік Қазақстан облысы Аралағаш ауылының маңында екі көлік соқтығысып, екеуі да жанып кетті. Екі адам мерт болса, жүк көлігінің жүргізушісі түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 17 тамыз сағат 21:45 шамасында «Астана – Петропавл» автожолының 431-шақырымында, яғни Аққайың ауданы Аралағаш ауылының маңында «Toyota Hiace» автомашинасы мен жартылай тіркемесі бар «MAN» жүк көлігі соқтығысып қалды.

Салдарынан екі автокөлік те жанып кетті.

«Toyota Hiace» көлігінің 52 жастағы жүргізушісі мен оның 54 жастағы жолаушысы, екеуі де Астана қаласының тұрғыны – жол-көлік оқиғасы болған жерде көз жұмды.

«MAN» жүк көлігінің 43 жастағы жүргізушісі түрлі дене жарақатымен облыстық көпбейінді ауруханаға жатқызылды.

Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді.

Полицейлердің айтуынша, тиісті сараптамалар тағайындалған. Оқиға орны мен көліктер мұқият тексеріліп, барлық мән-жайды зерделеуге бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Олардың нәтижелері бойынша түпкілікті процестік шешім қабылданады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button