Әлібек Қуантыров СҚО-ға жұмыс сапары барысында облыстық, қалалық және аудандық мәслихаттардың жергілікті депутаттарымен кездесу өткізді – Amanat, Respublica және Ауыл партияларының өкілдері,-деп хабарлайды ҚР ҰЭМ.
Жиында ауыл шаруашылығы саласын субсидиялау, автожолдарды жөндеу және салу, инвестициялар тарту, сумен жабдықтау, Салық кодексін жетілдіру мәселелері қозғалды.
Депутаттардың айтуынша, өңір аумағы арқылы өтетін «Жезқазған-Петропавл» республикалық автожолының жағдайы өте нашар. Күрежол 1960 жылдары салынғаннан бері күрделі жөндеуден өтпеген.
Министр атап өткендей, жол – экономиканың негізгі күретамыры. Сондықтан, бұл мәселеге ерекше назар аударылады.
«Бұл кешенді мәселе. СҚО-ның ерекшелігі, мұнда халық сирек қоныстанған. Жол тым қашық. Бірақ қазірде ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы қабылданды. Онда өзара шектесетін аудан жолдарына, ал «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде ауылішілік жолдарға көп көңіл бөлінеді», – деді ол.
Жалпы, өткен жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша СҚО-да 49 жобаны іске асыруға (оның ішінде 11 көлік инфрақұрылымы жобасы, 33 әлеуметтік инфрақұрылым жобасы және ТКШ саласындағы 5 жоба) 41 ауылда 5,5 млрд.теңге бөлінді. Ағымдағы жылы 5,1 млрд.теңгеге 20 жобаны іске асыру жоспарлануда.
Депутаттардың айтуынша, ауыл шаруашылығына инвестиция тарту өте қиын. Олар газдандыру мәселесін де қозғады.
«Қазір бұл мәселемен Энергетика министрлігі, QazaqGaz айналысып жатыр. Газдандыру жалғасады. Ол солтүстік аймақтарға қарай созылып, біртіндеп шығыс аймақтарды қамтиды. Жаңа газ кен орындарын игеру керек. Негізгі капиталға салынатын инвестицияларға келсек, біздің міндетіміз, оның көлемін ағымдағы жылы 18,3 трлн.теңгеге дейін жеткізу. Өткен жылы бұл көрсеткіш 15,3 трлн.теңге болды. Бұл міндетті орындадық. Осы бүкіл 18,3 трлн. теңге барлық өңірлер арасында бөлінеді», – деді министр.
Сумен жабдықтау мәселесі бойынша Әлібек Қуантыров алдағы екі жылда Үкімет алдында халықты 100 пайыз таза ауыз сумен қамтамасыз ету міндеті тұрғанын атап өтті. Тиісінше, бұл мәселе шешілетін болады.
Сондай-ақ, ол Министрлік жаңа Салық кодексінің жобасын дайындап жатқанын еске салды.
«Бұл кешенді жұмыс жұртшылықты, сарапшылар мен бизнес-қоғамдастық өкілдерін тарта отырып, ел Үкіметі жанынан құрылған жұмыс тобы шеңберінде жүргізіліп жатыр, – деді ол.
Кездесу қорытындысы бойынша министр депутаттарға белсенді қатысқаны үшін алғыс білдіріп, айтылған ұсыныстар қосымша зерделенетініне сендірді.