Бейжіңдегі су тасқынынан 11 адам қаза тапты
Қытай астанасы Бейжіңде «Доксури» супер тайфуны салдарынан 29 шілдеден бері толассыз жауған жауын-шашын тұрғындарды әбігерге салды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Синьхуа агенттігінің хабарлауынша, 1 тамыздағы жағдай бойынша Бейжіңде нөсер жаңбыр салдарынан болған су тасқынынан кемінде 11 адам қаза тауып, 27 адам із-түзсіз жоғалған.
Құрбан болғандардың көпшілігі – қатты жаңбырдан ең көп зардап шеккен қала маңындағы Ментугу ауданының тұрғындары.
Ресми ақпаратқа сәйкес, Бейжіңде 44 мыңнан астам адам су тасқынынан зардап шекті, ал 127 мың адам қауіпсіз аймақтарға көшірілді.
Қазір құзырлы органдар су тасқынынан келген шығынды есептеп жатыр.
22 миллион халқы бар Қытай астанасы Бейжіңде соңғы рет 2012 жылы су тасқыны болып, 79 адам қаза тапқан еді.