Ақмола облысында шетелден әкелінген 62 автокөлік заңсыз есепке қойылған
Ақмола полиция қызметкерлері 500 млн теңге сомасына заңсыз есепке қою фактісін анықтаған. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің Telegram арнасында хабарлады.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, мамыр айының ортасында Ақмола облысы полиция департаменті ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Ақмола облысының «Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясы» ҰАҚ ішкі қауіпсіздік қызметімен өзара әрекеттесе отырып, жалған құжаттарды пайдаланып, шетелден әкелінген 62 автокөлік құралын есепке заңсыз қою фактісін анықтаған. Шығын көлемі 500 млн теңгені құрады.
Полиция департаментінің ақпаратынша, бұл факт ҚР ҚК 385 бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркелген. «30 жастағы жігіт анықталып, оның іске қатысы тексерілуде. Бұл іс экономикалық тергеу департаментіне жолданды. Полицейлер тексеруді жалғастыруда», – деп хабарлайды.