Сенаторлар еліміздегі білім сапасы мен жұмысқа орналасу мәселелерін мәслихат депутаттарымен бірге талқылады
Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің депутаттары республикалық маңызы бар қалалар мен облыстық мәслихаттардың депутаттарымен кездесіп, білім беру және еңбек саласын дамыту мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Сенаттың Баспасөз қызметі.
Бұл кездесу «Мектепке дейінгі білім берудің қолжетімділігін арттыру, сапалы орта білім беруді қамтамасыз ету, жоғары және кәсіптік-техникалық білім берудің даму үрдістері» тақырыбымен өтетін дөңгелек үстелге дайындық аясында өтті.
Комитет төрағасы Нұртөре Жүсіп Сенаттың мәслихаттармен өзара іс-қимылының маңызын атап өтті және қазіргі жағдайда жастарды оқыту мен жұмысқа орналастырудың проблемалық мәселелері жаңа сипатта, оның ішінде заңнамалық деңгейде шешілуі тиіс екенін атап өтті.
«Соңғы 15-20 жылда отандық жоғары білім айтарлықтай оң нәтижелерге қол жеткізгенін атап өту орынды деп санаймын. Қазақстандық білім беру жүйесі халықаралық стандарттарға бағдарланған бағыттар бойынша дамып келеді. Еліміздегі экономикалық жағдайды одан әрі жақсарту үшін әртүрлі салаларда білім алған мамандар қажет екені ешкімге құпия емес. Сонымен қатар, бізде оқу орындарының түлектерін жұмысқа орналастыру саласында проблемалар бар», – деп атап өтті Нұртөре Жүсіп.
Кездесу барысында оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім, еңбек және әлеуметтік қорғау министрліктерінің, сондай-ақ облыстар мен республикалық маңызы бар қалалар мәслихаттарының өкілдері баяндама жасады.
Шара қорытындысы бойынша қатысушылар білім беру және жұмысқа орналастыру саласын одан әрі жетілдіруге бағытталған бірқатар ұсыныстар мен бастамалар әзірледі, олар кейіннен депутаттардың заң шығару қызметінде пайдаланылатын болады.
Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев бұдан бұрын Сенат өңірлердің мүддесін білдіретін Палата ретінде мәслихаттармен өзара белсенді іс-қимыл жасап келе жатқанын және еліміз облыстарының тұрғындары назар аударатын өзекті әрі маңызды мәселелерді көтеруі тиіс екенін атап өткен болатын.