БастыСаясат

«Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы: Республикалық және облыстық маңызы бар жолдар интернетке қосылады

Бүгін Үкімет отырысында Министрлер кабинеті «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасының пилоттық нұсқасын қарады. Оның жүзеге асырылуы туралы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин, «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев және «Кар-Тел» ЖШС (Beeline) бас директоры Евгений Настрадин баяндады, деп хабарлайды Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.

Қазақстанда 6 406 елді мекен бар, оның 4 974-і (77%) кең жолақты мобильді интернетке қосылған. 2 928 елді мекен 4G-ге қосылса, 2 046-сы 3G технологиясымен қамтылған.

«Байланыс сапасын арттыру мақсатында біз жыл сайын «базалық стансалар» санын көбейтудеміз. Бүгінгі таңда 41,2 мыңға жуық станса орнатылды. Бұл олардың саны жыл сайын 3 мыңға артып отырғанын білдіреді», — деп мәлімдеді Б. Мусин.

Барлық елді мекендердің 25%-ы ADSL технологиясымен, яғни мыс сыммен, ал 33%-ы оптикамен қосылған.

Қазіргі уақытта цифрлық экономиканың, ойын-сауық контентінің өсуіне, бизнестің виртуалды байланысқа шығуына, яғни экономикалық қызметтің платформалық модельге көшуіне байланысты интернеттрафикті пайдалану қарқыны айтарлықтай өсуде. Пандемиядан бері бұл көрсеткіш 1000 петабайтқа жетті.

Халықаралық телекоммуникация одағының (ITU) мәліметтері бойынша, өткен жылы бүкіл әлемде интернетті пайдаланатын адамдар саны 4,9 млрд-тан асқан. Атап айтқанда, осы уақыт ішінде еліміздегі интернет пайдаланушылар саны 90,9 пайызды құрады. Бүгінде интернетті қолданушылардың саны ғана емес, олардың интернетте өткізетін уақыты да артып келеді. Аталған факторлар байланыс инфрақұрылымына жүктеменің артуына басты себеп болып отыр.

Бағдат Мусин байланыс саласына тартылатын инвестициялар жыл сайын азайып, бүгінде бұл көрсеткіш 28%-ға төмендегенін атап өтті.

«Дүниежүзілік банкпен бірлесе отырып, біз «соңғы мильді» төсеу үшін, шағын және орта операторларды субсидиялауға, яғни CAPEX шығындарын өтеуге арнайы гранттар береміз. ТОБЖ бар ауылдарда 300 мың үй шаруашылығы қамтылады», — деді ол.

Қандай да бір байланыс технологиясы жоқ шалғайдағы (тұрғыны 250-ден аз) шағын ауылдық елді мекендерді Интернет желісіне кең жолақты қолжетімділікпен қамтамасыз ету мәселесін шешу үшін ғарыштық байланыс жүйесін пайдалану жоспарланып отыр. Осылайша, жоба 504 ауылды КЖҚ қызметімен қамтамасыз етеді.

Абоненттік қол жеткізу технологиясы ретінде ұжымдық қол жеткізу нүктесі қарастырылады. Сондай-ақ 134 ауылда спутниктік трансмиссияны жерүсті трансмиссиясына ауыстыру жоспарланып отыр.

Бұл бастамалар қалалық және ауылдық елді мекендер арасындағы Интернет қолжетімділігіндегі алшақтықты азайтуға, ақпараттың қолжетімділігін арттыруға және шалғайдағы елді мекендер тұрғындарының әлеуметтік оқшаулануын төмендетуге мүмкіндік береді.

Тағы бір бастама – республикалық және облыстық негізгі автожолдарды мобильді интернетпен қамту үшін цифрлық инфрақұрылым салуды жоспарлап отырмыз. Бұған 487 антенна-діңгекті құрылыстарды орнату арқылы қол жеткізу жоспарлануда. Нәтижесінде мобильді интернетпен қамту 17 000 шақырым жолды құрайды деп күтілуде.

Сондай-ақ қалаларда тиісті коммуникациялық инфрақұрылымды құру күтілуде. Мәселен, биылдың өзінде республикалық маңызы бар қалалар мен кейбір облыс орталықтарында 5G ұялы байланыстың жаңа буынын енгізу және дамыту жоспарлануда.

2027 жылға қарай әрбір республикалық маңызы бар қала мен елорданы қамту 75%-ды, ал облыс орталықтарын қамту 60%-ды құрайды.

«5G Интернетке жоғары жылдамдықпен қол жеткізуді қамтамасыз етеді, бұл цифрлық экономиканың дамуын жеделдетуге және заманауи технологиялық компаниялардың жұмыс жағдайларын жақсартуға мүмкіндік береді. Бұл өнімділіктің артуына және жалпы экономиканың бәсекеге қабілеттілігіне ықпал етеді, елге жаңа инвестициялар мен технологиялық әзірлемелер әкеледі. Жылдам ақпарат алмасу және деректерді тасымалдаудың үлкен көлемі қауіпсіз байланыс және бақылау жүйелерін құруға мүмкіндік береді, бұл әсіресе аса маңызды инфрақұрылымды басқару және ұлттық қауіпсіздік үшін маңызды», — деді Бағдат Мусин.

Ұлттық жобада мектептердің Интернетке қолжетімділігін қамтамасыз ету де қарастырылған.

Қазіргі уақытта 3063 мектепте Халықаралық телекоммуникация одағының ұсыныстарына сәйкес Интернет жылдамдығы артты. Жергілікті атқарушы органдар 2023 жылдың қыркүйегіне дейін тиісті техникалық мүмкіндіктері бар 1 402 мектепте Интернет жылдамдығын арттырады.

Мұндай мүмкіндіктері жоқ 2 003 мектепке қатысты интернет «ТОБЖ арқылы АЕМ-ді КЖҚ-мен қамтамасыз ету» жобасы шеңберінде талшықты-оптикалық байланыс желілері жеткізілетін болады.

Қазақстан Президентінің сайлауалды тұғырнамасына сәйкес елді өңірлік цифрлық хаб ретінде қалыптастыру үшін ұзындығы 380-400 шақырым Каспий теңізінің қайраңымен талшықты-оптикалық байланыс желілерін жүргізу қажет.

Батыс-Шығыс ұлттық гипермагистралінің құрылысы Қазақстан аумағы бойынша және суасты кабелі арқылы Әзербайжанға, одан әрі Еуропаға қытай трафигінің шығуын және транзит пен халықаралық трафикті сақтау үшін Tier-III деңгейінен төмен емес деректер өңдеу орталығын құруды көздейді.

«Осылайша, жоғарыда аталған жобаларды іске асыру деректердің халықаралық транзитінің баламалы бағытын және ел нарығына кемінде 3 BigTech компаниясын (Google, Amazon,Microsoft) тартуды қамтамасыз етеді», — деді Б. Мусин.

Бүгінгі таңда елдегі цифрландыруды дамытудың жаңа жағдайында ұялы байланыстың абоненттік құрылғысы байланыс не коммуникация құралы ғана емес, сонымен қатар жеке деректерді, ақша қаражаттарын, банк карталарын сақтауға арналған платформа болып отыр, сондай-ақ гаджет қосымшаларының көмегімен онлайн режимінде несиелер, микроқарыздар ресімдеуге және түрлі мемлекеттік қызметтерді алуға болады.

Цифрлық даму министрі сондай-ақ елге ұялы телефондарды, соның ішінде қайталанатын IMEI-кодтарын әкелудің «сұр» схемалары туралы айтты. «Сұр» импорттың бір схемасы – елге жалған ұялы телефондарды әкелу.

«Сәйкестендіру кодтарының дерекқоры» (СКДҚ) мәліметтеріне сәйкес қазіргі уақытта еліміздің ұялы компанияларының желілерінде қайталанатын IMEI коды бар 3,7 млн абоненттік құрылғы жұмыс істейді. Бұл ретте әлеуетті жіберіп алған салықтар мен алымдар түріндегі мемлекеттің тікелей шығындары жылына 100 млрд теңгеден асады, ал осы қызметке ілеспе басқа да салықтарды (ҚҚС, КТС, СН және т.б.) төлемеуді ескере отырып, бюджет шығындары 150 млрд теңгеге жетуі мүмкін.

Қайталанатын IMEI кодтарының болуы құқық қорғау органдарының ұрланған ұялы телефондарды іздеу және оларды бұғаттау бойынша жедел жұмысын тиімді жүргізу мүмкіндігін тежейді. Осыған байланысты, Министрлік «Сәйкестендіру кодтарының дерекқорын» кеден қызметтерінің жүйелерімен интеграциялауды және абоненттерді тіркеу кезінде биометрияны қолдануды жоспарлап отыр.

Бұл механизмнің мүмкіндіктері:

  • Заңсыз әкелінген құрылғыларды 100%-ға бұғаттау;
  • Мемлекеттің кедендік және салықтық төлемдерден түсетін кірістерін арттыру;
  • Көшірілген және жалған құрылғыларды 99%-ға қысқарту;
  • Сәйкестендіру арқылы мобильді құрылғыларды ұрлау, алаяқтық қылмыстарын азайту;
  • Реттелетін және бақыланатын электроника нарығы есебінен халықаралық инвестицияларды ұлғайту, сондай-ақ бизнесте әділ бәсекелестік үшін жағдай жасау.

Өз кезегінде, Цифрлық даму министрлігі ҚР ІІМ және «Мемлекеттік радиожиілік қызметі» РМК-мен бірлесіп, «МТҚ» РМК сайтында ұрланған абоненттік құрылғылардың (ҚР ІІМ деректері) бар-жоғын IMEI кодтарын тексеруге арналған цифрлық сервисін құрды. Осыған байланысты, пайдаланылған ұялы телефондарды сатып алғанда ұрланған абоненттік құрылғылардың тізілімінде бар-жоғын тексеруді ұсынамыз.

Сондай-ақ, ЦДИАӨМ басшысы байланыс сапасын жақсарту мақсатында ведомство әзірлеген заңның негізгі нормаларына қысқаша тоқталды.

«Қазақтелеком» АҚ «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасын жүзеге асыруға да атсалысуда. Бұл туралы толығырақ компанияның басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев баяндады.

«Қазақтелеком» компаниялар тобы Ұлттық телекоммуникация нарығын дамытуға белсенді қатысуда. Соның ішінде, «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасын әзірлеу шеңберінде құжаттың барлық негізгі бағыттарына енгізу үшін бірқатар іс-шаралар ұсынылды. Қалаларда байланыс сапасын жақсарту шеңберінде бюджеті шамамен 19 млрд теңгені құрайтын «Қос мақсаттағы тіректерді орнату» жобасы іске асырылатын болады, жаңа қосылған абоненттер үшін Қоғамнан «Үй шаруашылықтары сегментіндегі қалалар мен аудандарда кең жолақты қолжетімділік желісін дамыту» іс-шарасына 15,5 млрд теңге бөлінеді. Бұдан басқа, 10 млрд теңге сомасына электрондық Үкіметті дамыту міндеттері үшін Деректерді өңдеудің жаңа орталығын құру жоспарлануда», — деп мәлімдеді ол.

Бұдан басқа, Қоғам республикалық және облыстық негізгі автожолдарды мобильді кең жолақты қолжетімділікпен қамтуды жақсарту үшін 30 млрд теңге бөлу міндеттемелерін өз мойнына алады. Бесінші буындағы 5G желілерін дамытуға 300 млрд теңге бөлінетін болады. Осылайша дамуға қаралатын жалпы қаржы көлемі шамамен 370 млрд теңгені құрайды.

Бүгінгі таңда Астана, Алматы, Түркістан, Шымкент қалаларында 106 5G базалық стансалары жұмыс істейді.

Осы жылдың соңына дейін лицензиялық міндеттемелерді қоса алғанда, 2000-нан астам 5G базалық стансаның құрылысы жоспарлануда. Елдегі халықтың тығыздығы әлемдегі ең төменгі көрсеткіштердің бірі болып отыр – бір шаршы шақырымға жеті адамнан аз, ал байланыс операторлары үшін республика бойынша ауылдардың шашыраңқы болуы ауылдағы оптикалық инфрақұрылымның құрылысын коммерциялық тұрғыдан тартымсыз етеді.

Қазақтелеком басшысы ауыл мен қала арасындағы цифрлық теңсіздікті жою, білім деңгейін арттыру және ауыл тұрғындарын ақпаратпен қамту қажеттігін атап өтті.

Республикалық және облыстық автомобиль жолдары бойында интернетке мобильді кең жолақты қолжетімділікті дамыту жалғасуда.

1 кезең. 2023 жылы дайындық іс-шаралары.

2 кезең. Цифрлық инфрақұрылым құрылысы

3 кезең. Республикалық және облыстық негізгі жолдарды МКЖҚ-мен қамтамасыз ету

5 млн-нан астам ауыл тұрғындары үшін заманауи цифрлық сервистерге толыққанды қолжетімділікті қамтамасыз етуге арналған жоба іске қосылуда.

«Біз үлкен жаңа жоба жасауды жоспарлап отырмыз. Біздегі жаңа стратегия – ауылдық жерлерде сымсыз байланысқа қол жеткізу. Біз жиілік диапазонының 700 және 800 жиілігін қолданамыз, бұл 4G мен 5G, желілерді өнімділігі әлдеқайда жоғары сымсыз желілерге ауыстырамыз. 2024-2028 жылдарға жоспарланған инвестиция көлемі 151 млрд теңгені құрайды», — деді Қ. Есекеев.

Оның айтуынша, 506 мың тұрмыстық абонентті немесе 5 миллионға жуық адамды қамту жоспарланған.

«Сондықтан бағдарламада бізге төмен пайыздық несиемен осындай жобаны жүзеге асыруға мүмкіндік беретін инвестицияларды іздеуде қолдау қажет екенін көрсеткім келеді», – деді толықтырды ол.

Басқа жаңалықтар

Back to top button