Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда сенаторлар «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түрікменстан Үкіметі арасындағы Қазақстан-Түрікменстан мемлекеттік шекарасының режимі туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қарады және өздерінің депутаттық сауалдарын жолдады, деп хабарлайды Сенаттың Баспасөз қызметі.
Отырысты ашқан Мәулен Әшімбаев, алдымен, Мемлекет басшысының еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңесте берген тапсырмаларынан туындайтын міндеттерге тоқталып өтті. Палата Төрағасы оларды іске асыру үшін Сенат Мәжіліспен және Үкіметпен бірлесіп әрекет ететінін айтты.
«Мемлекет басшысы өңірлердегі бірінші кезекте шешуді талап ететін мәселелерге тоқталып, оған Үкіметтің және жергілікті биліктің назарын аударды. Сенат Президентіміз белгілеген міндеттерді іске асыруға қажетті заңнамалық шешімдерді Мәжіліспен және Үкіметпен бірлесіп қабылдайды. Сондай-ақ айтылған мәселелерді жұмыс барысында басшылыққа алып, оларды Сенаттың негізгі іс-шаралар жоспарын іске асыру кезінде жан-жақты ескереді», – деді Мәулен Әшімбаев.
Отырыс барысында сенаторлар «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түрікменстан Үкіметі арасындағы Қазақстан-Түрікменстан мемлекеттік шекарасының режимі туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қарап, мақұлдады.
Бұл Келісім Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы мемлекеттік шекараға қатысты құқықтық қатынастарды реттеуді көздейді. Атап айтқанда, заң нормалары арқылы мемлекеттік шекараны күтіп ұстау, оны кесіп өту және шекара арқылы жүктер мен өзге мүлікті өткізу тәртібі айқындалады. Сондай-ақ құжатта мемлекеттiк шекарада, шекаралық белдеулер мен сулар шегiнде кәсіпкерлік, балық аулау немесе басқа да қызметті жүргізу, қоғамдық-әлеуметтік iс-шаралар өткiзу мәселелері қамтылған. Бұл орайда шекарада құқықтық тұрғыдан туындауы мүмкін оқиғаларды шешу жолдары да реттелетінін атап өткен жөн.
Сонымен қатар Палата отырысында сенаторлар депутаттық сауалдарын жариялады.
Андрей Лукин бизнес-иммигранттар Қазақстанда фирмалар ашып, кейін елімізден кетіп, өздері құрған компанияларды жалған шот-фактуралар жазу, салық төлеуден жалтару және қаражатты көлеңкелі айналымға шығару үшін пайдаланатынын айтты. Сенатор проблеманы шешу үшін бірқатар шара ұсынды. Оның ішінде фирмалардың аудиторлық тексерулерін және бизнес-иммигранттармен құқықтық қатынастарды реттеу тетігін жетілдіру жөніндегі заңнамалық түзетулер де бар.
Қайрат Тастекеев әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының қымбаттауы өзекті проблема екенін айтты. Депутаттың ұсынған шаралардың қатарында бөлшек үстемеақыға мониторингті күшейту және тауарлардың нарыққа түсуінен бастап тұтынушыларға сатуға дейінгі сауда процестерін цифрландыру мәселесі бар.
Бекбол Орынбасаров жылқы шаруашылығы жөніндегі республикалық палаталардың қызметін ретке келтіру қажеттігін атап өтті. Ол сондай-ақ «Адай» қазақ жылқысын жеке тұқым деп танып, оған ресми мәртебе беру туралы ұсыныс айтты.
Талғат Жүнісов Үкіметті «Көкшетау тәжірибелік-өндірістік шаруашылығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін Ауыл шаруашылығы министрлігінен Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің балансына немесе оқу орнына сенімгерлік басқаруға беруге ықпал етуге шақырды.
Сәкен Арубаев Қазақстандағы, әсіресе оңтүстік өңірлердегі ирригациялық инфрақұрылымды қайта құру жөніндегі жобалардың тұрақты қаржыландырылмауын сынға алды. Депутат аталған жұмысты аяқтау үшін республикалық бюджетте тиісті қаражатты қарастыру керек екенін атап өтті.