Сарапшылар мен қоғам қайраткерлері әскердегі тәрбие жұмысын ұйымдастыру мәселелерін талқылады
Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің депутаттары мемлекеттік органдардың өкілдерімен және Қазақстан халқы Ассамблеясындағы Аналар кеңесінің мүшелерімен кездесті. Жүздесуге қатысушылар армия мен әскери оқу орындарындағы идеологиялық-тәрбие жұмысын ұйымдастыру мәселелерін талқылады. Бұл туралы Сенаттың баспасөз қызметі хабарлайды.
Комитет төрағасы Нұртөре Жүсіп өз сөзінде әлемде қалыптасып келе жатқан геосаяси жағдайды ескере отырып, армиядағы тәрбие және идеологиялық жұмыстарды жүргізудің сапасы аса маңызды екенін атап өтті.
«Соңғы уақыттарда әскердегі өлім-жітім деректерінің көптеп тіркелуі, ондай негативті ақпараттардың БАҚ-тар мен әлеуметтік желілерде көптеп таралуы, ойланарлық жағдайға әкеліп отыр. Себебі соңғы уақыттарда осындай деректердің салдарынан балаларын әскерге жібергісі келмейтін ата-аналар көбеюде», – деп атап өтті Нұртөре Жүсіп.
Кездесуге қатысушылар сондай-ақ әскери идеологиялық тәрбиені жетілдіру, өскелең ұрпақты әскермен таныстыру, әскери қызметтің тартымдылығы мен қадір-қасиетін арттыру бойынша бірқатар ұсыныстарымен бөлісті.
Ішкі істер министрлігінің ақпараты бойынша әскери қызметшілердің өз-өзіне қол салуының негізгі себебі әлеуметтік-тұрмыстық және материалдық проблемалар, бейімделу ахуалының төмендігі болып табылады.
Кездесуге қатысушылар әлеуетті мекемелердің, депутаттар мен жұртшылық өкілдерінің осы бағыттағы бірлескен жұмысы жалғасатынын атап өтті.