БастыМәдениет

«Балалар жылында» қандай іс-шаралар жүзеге асырылып жатыр?

Мәдениет және спорт министрлігі «Балалар жылын» өткізу аясында барлық тапсырмалар мен міндеттерді орындау бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Барлық іс-шаралар сапалы және қолжетімді білім беруді, толыққанды шығармашылық дамуды қамтамасыз етуге, балалардың шығармашылық және спорттық әлеуетін нығайтуға бағытталған. Бұл туралы Үкімет отырысында министр Дәурен Абаев мәлімдеді.

Министр жалпы мәдениет саласында 1 миллионнан астам баланы қамтитын ірі жобалар жүзеге асырылып жатқанын айтты.

Мысалы, «Ұлағатты ұрпақ», «Оқушының мәдени нормативі» сияқты жобалар, «Дана бала» балалар әдебиетінің веб-сайты іске қосылды (www.danabala.kz), ол қазақстандық авторлардың 100-ден астам толықмәтінді кітаптарына толықтырылған. Жыл соңына дейін оған 5000-нан астам кітап орналастырылады. Сондай-ақ, «Таланттар біздің арамызда» республикалық балалар шығармашылығының фестиваль-көрмесі, «Әжемнің ертегілері» онлайн-жобасы іске асырылуда, «Мейірім» балалар шығармашылығының инклюзивті мұражай фестивалі өткізілді.

Сонымен қатар 1 маусымға дейін қабылданған бірқатар мәдени-көпшілік іс-шаралар өткізіледі.

«Біз халық арасында, әсіресе балалар мен жасөспірімдер арасындағы бұқаралық спортты дамытуға баса назар аударып келеміз. Соның ішінде, жалпы білім беретін мектептердің оқушылары ерекше қамтылып отыр», – деп атап өтті Дәурен Абаев.

Мектеп жасындағы жалпы оқушылардың (3,4 млн оқушы) 2 млн-ы (61,4%) дене шынықтырумен, спортпен қамтылған. Министрдің айтуынша республикамызда  балалар мен жасөспірімдердің  652 клубы және 138 дене шынықтыру клубы бар, ондағы балалар мен жасөспірімдердің саны – 200 мыңнан асады.

«Бұл бағытта да бірнеше жоба жүзеге асырылып жатыр. Еліміздің 7 қаласында «Қолжетімді спорт» атты бағдарлама жұмыс істеп тұр. Аталған бағдарлама 20 мыңнан аса адамды қамтиды. 10 спорт түрі бойынша ұлттық мектеп лигасы ұйымдастырылды. Аталған бағдарлама мектеп жасындағы 2,7 млн-нан астам баланы қамтыды», – деп жалғастырды министр.

Сондай-ақ, жергілікті атқару органдарымен бірігіп спорттық инфрақұрылымды дамытудың жоспар-кестесі әзірленді. Ол 113 жаңа нысан салу, 21 нысанды жетілдіру және 6 ірі нысанды қосымша жабдықтаудан тұрады.

«Азаматтарымыздың демалысқа жұмсайтын шығынын азайту және ішкі туризмді насихаттау мақсатында Kids Go Free – балалар әуе билетін субсидиялау бойынша мемлекеттік қолдау шарасы  күшіне енді. Балалар мен жасөспірімдер арасында ішкі туризмді дамыту мен насихаттау бойынша жұмыстар жергілікті атқару органдарымен бірлесе жүргізілуде», – деп атап өтті министр.

Мысалы, Алматы облысында 300 баланы қамтитын, тау және жаяу жүру туризміне арналған «Жоңғария» республикалық туриадасын өткізу жоспарланып отыр.

Сондай-ақ биыл шілде айында Ақмола облысында Ресей Федерациясының этникалық қазақтарынан тұратын 250-ден аса мектеп оқушысына арналған «Айналайын, Атамекен!» турын өткізу жоспарланған.

Жаз айларында балалар археологиясы бойынша жобалар, «Ауылдағы апта», Summer school әлеуметтік бастамалары жүзеге асырылып, 2000-ға жуық баланы қамту көзделіп отыр.

Басқа жаңалықтар

Back to top button