Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Марат Қарабаев «ҚР Тау-кен металлургия кешенінде елішілік құндылықты дамыту» форумында мәлімдеді.
Оның айтуынша, аталған бағдарлама импортты алмастыру, нарықты отандық дайын өнімдермен қамтамасыз ету және экспорттық әлеуетті арттыру мақсатында даярланған.
«Бағдарламада көптеген жаңашылдықтар қамтылған. Олардың қатарында шағын және орта бизнесті дамыту, екінші деңгейлі банктерден қосымша қаржыландыруды тарту, қазақстандық кәсіпорындармен ұзақ мерзімді және офтейк келісімшарттар жасау және шикізатпен қамтамасыз ету сынды бағыттар бар. Бұл жаңалықтар отандық нарықтағы өнім өндіру үлесін және еліміздегі компаниялардың бәсекеге қабілеттілігін айтарлықтай арттыруға септігін тигізеді», – деді Марат Қарабаев.
Қарағанды қаласында өткен форум барысында тау-кен металлургия кешеніндегі елішілік құндылықты дамытудың тәжірибелік тетіктері таразыланып, жан-жақты талқыланды. Еліміздегі ірі тау-кен металлургия кәсіпорындарының өкілдері өз өндірістерінің айналасында шағын және орта бизнес белдеулерін құрып, олардың осы бағытта сұранысқа ие нақты тауар түрлерін анықтауға дайын екендіктерін білдірді.
Сондай-ақ шара шеңберінде басқосуға қатысушылар Қарағанды құю-машина жасау зауытында ұйымдастырылған отандық кәсіпорындар шығарған өнімдер көрмесін тамашалады. Сонымен қатар іргелі өндіріс орындарының басшылары зауыт аймағында сібір шыршасының көшеттерін екті.