БастыҚоғам

ИИДМ-де өңірлердің мәселелерін қоғамдық талқылау жалғасуда

Кезекті талқылау Алматы облысы дамуының өзекті мәселелеріне арналды.

Іс-шараға министр Қайырбек Өскенбаев, ҚР ИИДМ Автомобиль жолдары, Азаматтық авиация, Индустриялық даму, Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеттерінің, «ҚазАвтоЖол» ҰК басшылары, Алматы облысы сайлаушыларының мүдделерін білдіретін ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, сондай-ақ қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатысты. 

Талқылау барысында өңірдегі автомобиль жолдарын дамыту мен қайта құруға ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, облыстың Кербұлақ және Панфилов аудандары арқылы өтетін республикалық жол құрылысына бөлінетін қаражат көлемін ұлғайту қажеттігі айтылды.

Сондай-ақ, депутаттар Жаркент-Көктал, Айдарлы және Бозой ауылдарына дейінгі жол учаскелерінің жай-күйін, жол қозғалысы қарқыны нормативтегіден 8 есеге дейін асатын Алматы-Үшқоңыр-Ұзынағаш және Алматы-Талғар-Бәйдібек би жолдарын қайта жаңартудың маңыздылығын атап өтті.

Жол сапасы мәселесіне тоқталған ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ләззат Сүлеймен сайлаушылардың өтініштері мен арыздары бойынша түрлі мекемелерге сауалдар жолдайтынын атап өтті. «Бірақ, облыстық билік министрліктерге сілтеме жасап, ал орталық мемлекеттік органдар нормаларға сәйкес жергілікті атқарушы органдарға хабарласуды ұсынады. Мұндай жағдайда жауап алу өте қиын», – деді. 

Осыған орай Қайырбек Өскенбаев: «Республикалық маңызы бар жолдар Министрліктің құзыретінде, ал жергілікті жолдар үшін әкімдіктер жауапты. Яғни, әкімдіктерден республикалық немесе халықаралық трассалар үшін сұрау дұрыс емес. Алайда, халық үшін ол маңызды емес. Адамдарға керегі -жақсы жол. Кім неге жауап берсе де, сапалы және қауіпсіз жол салу және ол жолдарды тиісті деңгейде күтіп-ұстау – ортақ міндетіміз. Сондықтан, жауапкершіліктен қашпай, бірге жұмыс істеу керектігін әріптестерімнің есіне тағы да салғым келеді», -деді министр.

Сонымен қатар, кездесуде кезекте тұрғандарды сапалы және қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету, «Талдықорған – Нұр-Сұлтан – Талдықорған» әуе рейсін субсидиялау, «Алтын Орда» базары маңындағы жолдың жекелеген учаскелерін 4-тен 8 жолаққа дейін ұлғайту мүмкіндігін қарастыру ұсынылды.

Барлық айтылған сұрақтар мен ұсыныстарға ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің өкілдері барынша ашық және егжей-тегжейлі жауап берді. Кездесу соңында ҚР ИИДМ басшысы Қайырбек Өскенбаев Министрлік жауапты барлық салалардағы өзекті мәселелер бойынша қоғамдық талқылаулар тұрақты негізде өткізілетінін тағы да атап көрсетті. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button