БастыСаясат

Ерлан Қошанов Мәжіліс Төрағасы болып сайланды

Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутаттар Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы қызметіне Ерлан Жақанұлы Қошановты бірауыздан сайлады.

Ерлан Қошановтың кандидатурасын Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров ұсынды: Ерлан Жақанұлы еңбек жолын қарапайым темір шеберінен бастаған, еңбек адамының мүддесін біледі.Заң шығару саласында  кешенді тәжірибесі бар, Парламент Сенатының депутаты болған, Өкіметтің Парламенттегі Өкілі қызметін атқарған. Аймақтардағы халықтың, азаматтардың әлеуметтік мұң-мұқтажын жақсы біледі. Қарағанды облысының Жезқазған өңірінде еңбек еткен, Қарағанды облысының әкімі қызметін істеген, – деді.

Отырыс барысында Ерлан Қошанов Қазақстан Республикасы Конституциясы 58-бабының 1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы мемлекеттік тілді еркін меңгерген Мәжіліс депутаттарының арасынан Палата депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен жасырын дауыс беру арқылы сайланды.

Депутаттар алдында сөз сөйлеген Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов өз кандидатурасын қолдап, сенім көрсеткен депутаттарға ризашылығын білдірді.

-Өмір жолымның бірқатар уақыты осы Парламент қабырғасында өтті. Сіздердің сенімдеріңіздің арқасында, осы абыройлы жұмысты бірге жалғастырамыз деп ойлаймын. Парламент Мәжілісіне жетекшілік ету бұл, әрине, ерекше мәртебе. Бұл Қазақстан халқы мен Мемлекет басшысының алдындағы зор үлкен жауапкершілік. Бәрімізге белгілі, ел тарихының даму кезеңінің ең жауапты кезінде тұрмыз. Осы уақытта Президентіміз жан-жақты және түбегейлі реформалар ұсынатынын атап өтті. Бұл реформаларды сапалы заңдармен қамтамасыз ету барлығымыздың, әсіресе, Мәжіліс депутаттарының ортақ міндеті. Ел мүддесі үшін адал еңбек етейік. Мәжілістің жұмысын жаңа деңгейге көтерейік, – деді Ерлан Қошанов.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button