БастыҚоғам

Нұр-Сұлтан әкімі азаматтарды қабылдады

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов кезекті рет азаматтарды қабылдады. Қала тұрғындарының негізгі мәселелерінің бірі – қолжетімді баспана. Бұл туралы әкім Instagram парақшасында мәлім етті, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

«Азаматтарды жеке қабылдау барысында тағы 10 адамның проблемасы қозғалды. Осыған дейін айтқанымдай, негізгі проблемалардың бірі – тұрғын үй. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жеңілдетілген қолжетімді тұрғын үй салу көлемін ұлғайту бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп жатырмыз.

Елордада 14 қазаннан бастап жастарға арналған «Elorda Jastary» арнайы тұрғын үй бағдарламасына қатысу үшін құжаттар қабылдау басталды. Бұл тұрғын үй бағдарламасы жастармен бірлесе әзірлеген 2021-2023 жылдарға арналған «Elorda Jastary» ауқымды бағдарламасына кіреді. «Elorda Jastary» бағдарламасында білім беру, жұмыспен қамту, бос уақытты өткізу және т.б. бағыттар бар.

Жастарға арналған «Elorda Jastary» тұрғын үй бағдарламасына 35 жасқа дейінгі (35 жасты қоса алғанда, әйелінің/күйеуінің жасы маңызды емес) жастар қатыса алады. Бұл бағдарламаға қатысушылар тұрғын үй сатып алу үшін 18 млн теңгеге дейін қарыз ала алады (жылдық 5% жеңілдікпен). Қажетті қосымша ақпараттың бәрі тұрғын үй қорының сайтында жарияланды (zhilfond.kz).

Азаматтарды қабылдау кезінде түсетін сұрақтар қысқа мерзімді, орта мерзімді және ұзақ мерзімді болып бөлінеді. Мысалы, жүйелі мәселелер бойынша шешімдер де қабылданды: оңалту орталықтарының желісі едәуір кеңейтілді, елді мекендерде бірқатар мектеп салынды, сондай-ақ келесі жылы тұрғын үй алаптарында тағы 4 мектеп салу жоспарланып отыр, тұрғын үй сертификаттарының сомасы ұлғайтылды, қатысушылар санаты кеңейтілді және т.б.», – деп жазды елорда әкімі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button