Эпидемиологиялық жағдайдың жақсаруына қарамастан, елорда алты айдан бері «қызыл» аймақтан шығар емес. Қалада тәулігіне орташа есеппен коронавирустық инфекциямен сырқаттанудың 200-ден астам жаңа жағдайы тіркеледі, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты.
Елордадағы эпидемиологиялық жағдай туралы ОКҚ брифингінде қаланың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Сархат Бейсенова айтып берді.
Мәселен, елордада COVID-19 жұқтырған науқастар арасында ересек тұрғындар үлесі 79,7%-ды құрайды, оның 20,3%-ы – 30-39 жас, 27,8%-ы – 40-59 жас, 20,1%-ы – 18-29 жас аралығындағы азаматтарға тиесілі. Ал 11,5%-да 65 жастан асқандар.
«Қыркүйек айында ауру жұқтырған балалардың үлес салмағы 16%-дан 24,3%-ға дейін, жасөспірімдердің үлес салмағы 2,5%-дан 5,4%-ға дейін өсті, науқас оқушылардың үлесі 2,3%-дан 20%-ға дейін өсті. Оқу жылының басынан бері COVID-19 жұқтырған оқушылар саны 2232-ні құрады, бұл халықтың жалпы санының 19,6%-ы және оқушылардың жалпы санының 1%-ы. Олардың 642-сі немесе 29%-ы мектепке барғанға дейін ауырып қалса, оқушылар арасында 1590 жағдай мектепте оқу басталғаннан бері тіркелген», – деп хабарлады Сархат Бейсенова.
Сондай-ақ, санитарлық дәрігер ауру деңгейінің төмендеуіне және вакцинацияланған азаматтар санының өсуіне байланысты карантиндік шаралардың жеңілдетілгенін еске салды.
«COVID-19 таратпау жөніндегі ведомствоаралық комиссияның шешімімен 27 қыркүйекте «Ashyq» жүйесіне қатысушы объектілерде салтанатты, естелік, отбасылық іс-шаралар, банкеттер, үйлену тойлары, мерейтойлар өткізу рұқсат етілді, оған кіру тек «жасыл» статусы бойынша жүргізіледі. Сол сияқты «қызыл» аймақтың өлшемдеріне сәйкес, саны 50-ден аспайтын адамның қатысуымен рұқсат етіледі. Бұл кәсіпкерлік субъектілері қызметкерлері үшін де, келушілері үшін де қауіпсіз жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, қалада 400 мыңнан астам адам толық вакцинациядан өткенін назарға ала отырып, 2 қазанда Нұр-Сұлтанда шектеу және карантин шараларын жеңілдету туралы қаулы қабылданды», – деп атап өтті спикер.
Сонымен қатар, Сархат Бейсенова жарты жылдан астам уақыт бойы елорда эпидемиологиялық ахуалды бағалау бойынша «қызыл» аймақта екенін еске салды, сондықтан босаңсуға болмайды.
«Күн сайын 60-70 адам қаланың инфекциялық стационарларына түседі. Бұл факт бәрін алаңдатуы керек. Біз екпені неғұрлым жылдам алсақ, соғұрлым пандемиядан құтыламыз», – деді елорданың бас дәрігері.